ДИКТОР: Өрттің себебі де, салдары да әртүрлі. Тілсіз жаудың зардабы орасан. Жылу беру маусымы басталғалы бері өңірде 300-ге жуық өрт оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 14 адам көз жұмған. Өрттің шығуына негізгі себеп – қауіпсіздік ережелерін сақтамау.

РКС: Өңірде орын алған өрттің дені жылыту пештерін орнату және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болған. Өрт оқиғасы жиілеп барады. Қазір түссіз, иіссіз, сезілмейтін ыстан бір ғана адам емес, бүтін бір отбасы оянбай қалып жатыр. Ұқсас жағдай биыл Щучинск қаласында орын алған.

СНХ: ДУМАН ДӘЛЕШОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Жуырда ғана 2 қарт адам ыстан уланып, қаза тапты. Анықталғандай, оқиға алдында олар пештің мұржасын тазалаған. Дұрыс тазаламағаннан кейін мұржа одан сайын толған. Салдарынан көміртегі тотығы далаға емес, үйге барған. Қазір тергеу шаралы мен медициналық сараптама жүріп жатыр.

РКС: Апат санын азайту мақсатында құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен, полиция қызметкерлерімен және волонтерлермен бірлесіп, профилактикалық шаралар ұйымдастыруда.

СНХ: ДУМАН ДӘЛЕШОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Жылу беру маусымы басталғалы күн сайын тұрғындарды аралап жүрміз. Оларға өрт қауіпсіздігінің ережелері түсіндірілуде. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерінде 1700-ден астам көміртегі тотығы датчиктері орнаылып, түтін мұржаларын тазарту жұмыстары ұйымдастырылуда.

РКС: Мамандар ақмолалықтарды жылыту пештері мен жабдықтарды уақытылы жөндеп отыруға кеңес береді. Мұржадағы тесіктерді жауып тастаған жөн. Айта кетейік, ережелерге сәйкес, мұржаны 3 айда 1 рет тазалап отыру қажет.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ