ДИКТОР: Балық шаруашылығы – қазіргі ауыл шаруашылығының маңызды саласы. Балықтың пайдалы және қоректік етіне сұраныс артып келеді. Балық өсірудің көптеген әдіс-тәсілі бар. Шабақ өсіріп, уылдырық алу, балықты сату, тұздау. Ақмола облысының аумағында балық шаруашылығы жаңа қарқын ала түскен. Соның бірі-Степногорск қаласында орналасқан форель өсіретін шаруашылық.

РКС: Форель өсіру экономикалық тұрғыдан тиімді әрі сұранысқа ие. Бұл балықты тоғандарға жіберуге немесе тікелей нарыққа шығаруға болады. Оларды қоректендіретін витамин-минералды қоспалар да серіктестікте өндіріледі. Айта кетейік, тәулігіне 60 тоннаға дейін қоспа өндіруге қауқарлы.

СНХ: АРТЁМ НАЗАРОВ, СЕРІКТЕСТІК БАСШЫСЫ: 2021 жылы балық өндірісін, оның ішінде форель өсіруді қолға алдық. Біз қазір арнайы өсірілетін инкубаторда тұрмыз. Ұрықтандырылатын уылдырықты шетелден сатып аламыз. Оны ұрық кезінен бастап, шабаққа дейін өсіреміз. Салмағы 60-70 грамм болғанға дейін жетілдіреміз.

РКС: Бүкіл цехты сумен жабдықтайтын жабық 3 қондырғы біріктіреді. Олар өндіріске 300 мың шабақ береді. Қазір серіктестікте жаңғырту жұмыцстары жүргізілуде. Алдағы уақытта энергия үнемдейтін сорғылар мен жаңа технологиялар қолданылмақ. Ендігі кезекте, арнайы су алаңдарында форель ұрықтары мен шабақтарының өндірісін жылына 600 мыңға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

СНХ: АЛЕКСАНДР ГОРБЕНКО, БАЛЫҚ ӨСІРУШІ: Біз таңертеңгі уақытта оттегіні өлшейміз. Күн тәртібі тікелей судағы оттегіге байланысты. Егер температура шамадан тыс асып кетсе, тамақтандыру тоқтатылады. Бізде жабық сумен жабдықтау қондырғысының жабық сүзу жүйесі бар. Су биофильтр арқылы өтеді. Сөйтіп қайта ванналарға оралады. Сумен толтыру тәулігіне 10 процентті құрайды. Су таза әрі оның температурасы төмен болу үшін суды ауыстырып отырамыз.

РКС: Ақмола облысының аумағында 500-ден аса су қоймасы бар. Оның 400-ден астамы табиғат пайдаланушыларға балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген. Облыста балық саласын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы әзірленді. Онда тауарлық балық өсіру көлемін ұлғайту көзделген. Аталған шара 2030 жылға қарай өндірісті жылына 10 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ