ДИКТОР: Биыл облыстық «JasSkills Aqmola-2025» кәсіби чемпионаты төртінші рет өткізіліп жатыр. 12 мен 16 жас аралығындағы жүзге жуық оқушы түрлі бағытта өз шеберліктерін көрсетті. Болашақ мамандықты таңдау — жас ұрпақ үшін маңызды қадам. Сондықтан бұл байқау оқушылардың кәсіби бағдарлануына да бағытталған. Байқау барысын біздің түсірілім тобы бақылап қайтты.
РКС: Биыл «JasSkills» чемпионатына қатысушылар сегіз құзыреттілік бойынша практикалық тапсырмаларды орындады. Мектеп оқушылары жалпы білім беретін мектептердің мүмкіндіктеріне бейімделген екі бағыт бойынша өз күштерін сынады. Мобильді робототехника мен бағдарламалау сияқты заманауи технологиялармен қатар, оқушылар арасында химия мен биология да үлкен сұранысқа ие.
СНХ: НАЗЕРКЕ ТӨЛЕУБАЙ, БӨГЕНБАЙ БАТЫР АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ: (ЕРЕЙМЕНТАУ): Мен осы «Жас Скилс» бағдарламасы бойынша Болашақ сарайына зертханалық-химиялық талдау бағыты бойынша келдім. Химиялық -зертханалық талдау қазір ең өзекті, ең керек мамандық. Себебі бізде қазір лобаранттар аз. Бүгін біз химиялық талдаулар бойынша есептер шығарамыз. Заттарды анықтаймыз және бір затты екінші затқа қосып, қосындыдан қандай заттың шығатынын көретін боламыз.
СНХ: РАБИҒА БАҚЫТЖАН, "ЖАҢА БЕЛЕС" ОҚУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: (ҚОСШЫ): Мен осы «Жас скилс» чемпионатына Қосшы қаласынан келдім. Жалпы бұл чемпионатта мен компютерлік графика бағытында қатысамын. Бұл бағытта компютерлік графикада логотипімізді, визиткамызды, упоковкаларымызды ұсынамыз. Өзгелерге сәттілік, өзіме жеңіс тілеймін.
РКС: Чемпионатты өткізу барысында колледждермен тығыз байланыс орнатылған. Болашақ талапкерлер үшін кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сайыстарға қатысу оқушыларға бейінді пәндерге деген қызығушылығын анықтап, мамандықты саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.
СНХ: САМАЛ ҚАБДУШЕВА, БОЛАШАҚ САРАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл облыс балаларының 12-16 жас аралығында өткізіледі. Яғни өздерінің аудандарында өз мектептерінде жоғары балл жинаған жақсы білім деңгейін көрсеткен балалар осы болашақ сарайына келіп, облыстық деңгейіндегі сайысқа қатысады. Балаларды бейінді оқытуға бейімдейміз. Яғни осы жердегі өздерінің жасаған дүниелерін, мектептегі алған білімдерін осы жерде сараптап, саралай келе, бейінді оқыту мамандық таңдауға да зор септігін тигізеді.
РКС: Байқаудың қазылар алқасының құрамында өңірдегі колледж оқытушыларымен қатар кәсіпкерлер қатарынан әлеуметтік серіктестер де болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен және сертификаттармен марапатталды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ