ДИКТОР: Облыс әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен Отан қорғаушылар күніне орай 11-ші сынып оқушыларына арналған ашық сабақ өтті. Дәріс сабаққа Ақмола облысы бойынша 147 мектептен 2 мыңнан астам мектеп бітіруші қатысты. Бір ерекшелігі бәрі қазақ сыныбының оқушысы. Балалар өз ойларын еркін жеткізіп, облыс әкіміне сан түрлі сауал қойды.

РКС: Өңір басшысы жастардың ел болашағындағы роліне тоқталып, адал еңбек пен білімге ұмтылудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, аймақ басшысы жастарды қолдау шаралары, оның ішінде білім гранттары, әкімнің шәкіртақысы және «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы аясындағы жеңілдіктер туралы баяндады.

СНХ: ЖАНБОТА ШАЛАБАЕВА, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Туризм саласында жұмыс атқарғым келеді. Ақмола облысымызда туризмдік орындар өте көп. Және сол орындарды дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Бүгінгі облыс әкімімен кездесу өте қатты әсер қалдырды деп айта аламын. Өйткені, Марат Мұратұлының өмірбаяны, өткен жолы мотивациялық бір ой қалдырды. Біздің мектебімізде бұрын-соңды мұндай шаралар болған жоқ.

СНХ: НҰРЛАН НҰРСӘТ, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Бірінші рет өтіп жатыр біздің мектепте. Бұл шара маған өте қатты әсер берді. Шабыт ояндырды деуге болады. Менің ойымша бұл маған ғана емес, бүкіл жастарға керемет әсер берді деп ойлаймын.

РКС: Ақмола облысында заманауи мектептер мен бірегей спорт кешендері салынуда. Түлектерге арналған білім гранттары қарастырылған. Ең бастысы – адал еңбек етіп, үнемі ізденісте болу қажет», – деді облыс әкімі.

СНХ: НҰРЖАН НҰРАН, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Әкіммен кездесу маған өте ерекше тәжірибе әкелді. Себебі, күнде қарайтын заттарға әкімшілік жағынан қарауға көмектесті. Жаңа ой, жаңа білім түюге көмектесті. Осындай кездесулер оқушылар үшін пайдалы деп ойлаймын. Және бұл тәжірибені жалғастыруды қолдаймын. Басты түйген ойым-ол өмір бір жерде тоқтамайды. Қателік жасасаңыз да мамандықты өзгертуге болады. Әрдайым ол үшін мүмкіндік бар. Спорт туралы айтқаны ұнады. Өйткені өзім де спортқа жақынмын. Сол спортты оқу үшін тоқтатпай, әрі қарай жалғастыруға мені ынталандырды.

СНХ: САҒЫНДЫҚ СЕРІКБАЕВ, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ ГИМНАЗИЯСЫ ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Облыс әкімінің Ақмола төңірегіндегі түлектермен кездесу ұйымдастырып, нағыз маңызды кезде бағыт-бағдар беріп, мотивация берген үлкен бір жақсы сәт болды. Осының барлығы балалардың қобалжуын былайша айтқанда облыс әкімі келіп бір сәтте басып, болашаққа бір серпін беріп кетті деген ойдамын.

РКС: Айта кетейік, Ақмола облысындағы 536 мектепте 139 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың 6 мыңнан астамы биыл бітіруші түлек. Мұндай кездесулер олардың кәсіби бағыт-бағдарын айқындап, өз болашағына саналы түрде қадам жасауына жәрдемдеседі.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ