ДИКТОР: 2024 жылдың 1-қаңтарынан бастап шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың саусақ іздерін тіркеу міндеттелді. Бұған дейін саусақ іздерін Қазақстан азаматтарынан да алу туралы ұсыныс жасалған. Алайда, заңнамаға өзгертулер енгізіліп, отандастарымыз үшін бұл үрдіс міндетті емес болып бекітілді. Облыс аумағында бүгінге дейін 300-ден астам адам осындай тіркеуден өткен. Олардың екі жүзі шетелдіктер болса, 126-сы Қазақстан азаматтары.
РКС: «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заң 2016 жылы қабылданған болатын. Алайда, толық әрі нақты ақпараттың жоқтығы тұрғындар арасында түсініспеушілік тудырғаны рас. Арада бірнеше жыл өткенде саусақ іздерін тапсыруға міндетті адамдар тізіміне өзгерістер енгізілген. Мәселен, Қазақстан Республикасының азаматы теңізші куәілігін алатын жағдайда ғана дактилоскопиялық тіркеуден өтуге міндеттеледі.
СНХ: ЖЕҢІС ҚАРАҚОЙШЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заңға сәйкес саусақ ізін шетелдіктер, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша және тұрақты тұратындар тапсыруға міндетті. Ал, отандастарымыз жеке куәлік немесе Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын алған кезде өздері ниет білдірсе, саусақ ізін тапсыра алады. Дактилоскопиялық тіркеуден өту үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарында, облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметінде арнайы орындар жабдықталған.
РКС: Шетел азаматтары үшін саусақ ізін тапсыру Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат рәсімдегенде, босқын немесе баспана іздеушінің куәлігін не визасын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін алған кезде міндетті болады. Мамандардың айтуларынша, бөлінген қаражат толық игерілген. Қосымша қондырғылар қажет емес, сканерлер орнатылған. Қазақстандықтар құжат әзірлеген кезде өздері ниет білдірсе, саусақ ізін тапсыра алады.
СНХ: РЫСЖАН ҚАЗИХАНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен өзімнің жеке куәлігімді ауыстырайын деп едім, саусақ іздерін пайдаландым. Маған бұл қызмет түрі ұнады, өте ыңғайлы екен. Көп уақытты да алмайды. Небәрі, 5 минутым кетті. Әр саусақты сканерден өткізу керек.
РКС: Мамандардың пайымдауынша, саусақ ізін тіркеу жалған құжат әзірлеуге жол бермей, құжат иелерін алаяқтардан қорғайды. Сондай-ақ, жоғалған құжаттарды қалпына келтіру үрдісінің уақыты айтарлықтай жылдам болмақ. Қазақстан азаматтары үшін кей елдердің шекарасынан өту де біршама жеңілдетіледі. Із-түссіз жоғалғандарды табу уақыты да азаяды деп күтілуде. Ең бастысы, құжаттарға биометриялық анықтамаларды енгізу халықаралық талаптарға біртабан жақындау мүмкіндігін туғызады.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ