ДИКТОР: Дүниежүзілік соғыс уақытында қаза тапқан жауынгер Таңқыбай Иманбердиннің жерленген жерінен бір уыс топырақ еліне әкелінді. Красный Яр ауылында осыған орай арнайы рәсім ұйымдастырылып, оған жауынгердің 90-ға таяған қызы Нұрзия Таңқыбайқызы қатысты.

РКС: Таңқыбай Иманбердин 1900 жылы бұрыңғы Көкшетау облысы, Көкшетау ауданына қарасты Биіктесін ауылында дүниеге келген. Дүниежүзілік соғысы басталғанда бозбала екі бауырымен бірге Отанды жаудан қорғауға аттанды. Екі бауыры да сол соғыста қаза тауып, із-түзсіз жоғалып кеткен.

СНХ: ҒАЛИЯ РАХЫМБЕРЛИНА, ЖАУЫНГЕРДІҢ НЕМЕРЕСІ: Атамызды көрмесек те, біз үшін ол Отанға деген, ерлік дегеннің символы. Бұл жай ғана топырақ емес, ерлік пен тағдырдың үнсіз куәсі. Бір уыс топырақ жүрегімізде баршамызға атамыздың ерлігін, Отанға деген сүйіспеншілігін, жанкүйер патриоттық сезімін жүрегімізге ұялатады. Бүгін бір уыс топырақпен атамыздың аты еліне, туған жеріне қайтып оралды. Ол біз үшін үлкен рухани жеңіс деп айтуға болады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, ашық аспан болсын!

РКС: Таңқыбай Иманбердин 228-ші атқыштар полкында қатардағы жауынгер ретінде жаумен шайқасқан. Ол соғысқа аттанғанда жұбайы Күлбарам қолында екі қызымен қалыпты. Жылдар өте келе сол ұрпақтары жергілікті билік пен әскери мекемелерге жүгініп, жауынгер туралы ақпарат іздей бастайды. Дәл осы сәтте көмекке «Көкше-Іздеу» әскери-патриоттық іздестіру клубы келді. Жылдың басында отбасы Карелия Республикасының Суоярви қаласында орналасқан үлкен қабірден бір уыс топырақ алып келді.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: ОРАЗБЕК ЕЛЕУСІЗОВ, ЖАУЫНГЕРДІҢ НЕМЕРЕСІ: Ол 1944 жылы 44 жасында Карелия майданында Фин шекарасына жақын биіктікке шабуыл жасау кезінде қаза тапқан. Ұзақ уақыт оның жерленген жерін білген жоқпыз. Мұрағат мәліметтері бойынша ол қай жерде соғысқанын таптық. Соғыс болмасын, бейбіт өмір болсын. Ешқашан соғыс қайталанбасын.

РКС: Бұл рәсім – ұрпақтың ата-бабасының алдындағы парызы, тарихқа құрмет, ел мен ердің арасындағы киелі байланыстың көрінісі. Отан үшін от кешкен ардақтылардың рухы ел жүрегінде мәңгі сақталады.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.