ДИКТОР: Ақкөл ауданы бойынша бірқатар салада ілгерілеу бар. Ауылдар арасындағы жолдарды жөндеу, елдімекендерді жарықпен жарақтандыру мәселесіне едәуір қаржы бөлініп, қазір қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Жыл басынан бері Ақкөл ауданының экономикасына 2,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтарды сатып алудан және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен орындалды. Брифинг барысында аудан әкімі Біржан Әбдірахманов өңірдегі ауқымды жобаларға тоқталды.
РКС: Аудан экономикасының бірқатар саласында оң динамика байқалады. Өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2 миллиард теңгеге жуықтады. Ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дамуда. Аталған саладағы жалпы өнім көлемі мал шаруашылығы өндірісін ұлғайту есебінен жүзеге асырылды. 700 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Десе де осы салада екі көрсеткіш бойынша төмендеу байқалады. Тұрғын үйлерді іске қосу 4,8 процентке кеміген. Оған тұрғындардың жеке баспана салу санының төмендеуі себеп болған. Аудан бойынша тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты ауқымды жұмыстар жүріп жатыр.
СНХ: БІРЖАН ӘБДІРАХМАНОВ, АҚКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Қына, Өрнек, Амангелді, Талқара және Жалғызқарағай ауылдарында су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары. Ерназар ауылында кешенді су тазарту блок-модулін орнату жұмыстары аяқталды. Аталған жобалар толық іске асырылған жағдайда аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 100%-ға жететін болады.
РКС: Көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында аудандағы автожол желілерін дамытуға 1,5 миллиард теңгеге жуық қаржы бағытталды. Оған Ақкөл қаласының бір көшесінде көше-жол желісі жаңғыртылып, Домбыралы ауылының ішкі жолдарына және аудандық маңызы бар «Ерназар-Наумовка» автожолына орташа жөндеу жүргізіледі. Биыл Жаңа Қалқұтан-Ақкөл-Азат-Минское бағыты бойынша 15 шақырым жол жөнделмек. Облыстық маңызы бар Новорыбинка-Ақкөл жолын жөндеуге қатысты жобаға 1,4 миллиард теңге қарастырылған. Амангелді ауылында жыл сайын көктемгі су тасқыны кезінде жол бұзылады. Былтыр автокөлік көпірінің құрылысына қатысты жобалау-сметалық құжаттаманы дайындалды. Жоба құны 935 миллион теңге. Қаржы бөлу үшін бюджеттік өтінім облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жіберілді. Ауданда бірнеше жылу қазандығының құрылысы да қолға алынған. Елдімекендерді электрмен жабдықтау және көшелерге жарық орнату жұмыстары да жоспарлы жүріп жатыр. Аудан бойынша абаттандыру және санитарлық тазалық шаралары да басты назарда. Аталған іс-шаралар инфрақұрылымды кешенді дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
СНХ: БІРЖАН ӘБДІРАХМАНОВ, АҚКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: "Ауыл – ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы аясында Азат ауылында мәдени-спорт кешенінің құрылысы жалғасуда. Жобаны іске асыруға Ұлттық қор қаражатынан 467,5 млн теңге бағытталды. Халыққа қызмет көрсететін бірқатар мекемелер заманауи стандарттарына сәйкес келмейді және күрделі жөндеуді қажет етеді. Осы мәселелерді шешу үшін құны 826,6 млн теңге болатын Наумовка ауылындағы ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеу жобасы әзірленді. Сондай-ақ, Ақкөл қаласында, Домбыралы, Қына ауылдарында мәдени-спорт кешендерін салуға жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды.
РКС: Ауданда өнеркәсіп секторы қарқынды дамуда. Биыл жергілікті экономиканы дамытуға, өндіріс қуаттылығын жаңғыртуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған бірнеше ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалар Ақкөл қаласы экономикасын дамыту стратегиясының маңызды бөлігі саналады.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ