ДИКТОР: Сандықтау ауданына қарасты Красная Поляна ауылы салауатты өмір салтын ұстанудың жарқын үлгісіе көрсетіп келе жатқан елдімекен. Шағын ауыл бірнеше жылдан бері ауыл ақсақалдарының бастамасымен ішімдік пен темекі өнімдерінен толық бас тартқан. Ауыл тұрғындары Бұл шешімді бірауыздан қолдап, өз өмірлерін зиянды әдеттерден аулақ ұстауға бел буды.

STAND-UP: СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ТІЛШІ: Біз қазір Сандықтау ауданына қарасты Красная Поляна ауылындамыз. Бұл елді мекен өзгеше өмір салтымен ерекшеленеді. Мұнда темекі де, ішімдік те мүлде сатылмайды. Ең қызығы - жергілікті тұрғындар да оларды мүлде тұтынбайды. Той-думандар мен басқа да отбасылық басқосулар ішімдіксіз өтеді. Ал мұның нәтижесі - қылмыссыз тыныш ауыл тіршілігі.

РКС: Бүгінде ауылда 99 процентін шешен этносы құрайтын біртұтас, ұйымшыл халық тұрады. Олар ата-баба жолын берік ұстанып, ұрпақ тәрбиесінде де денсаулықты басты орынға қоятын тұрмыс салтын негіз еткен.

СНХ: ИБРАГИМ ИБАЕВ, КРАСНАЯ ПОЛЯНА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Ішімдікті мүлдем ішпейміз және сатылмайды. Өте қуаныштымын. Бала кезімнен осында тұрамын. Ақсақалдарымыз әрдайым бізді ішімдіктің зиянды екенін айтып тәрбиеледі, олар бізге үлгі болды, жақсы жол көрсетті. Қазір ауылда жастар өте көп. Ешкім ішімдік ішпейді. Тіпті, Бірлік ауылдық округіне арақ-шарап әкелінбейді. Көрші ауылға барып та сатып алмаймыз. Бұл біз үшін қуаныш, жастар бізден, ал біз ақсақалдардан үлгі аламыз. Осылай бақуатты өмір сүріп жатырмыз.

СНХ: ПАЛАДА ДАШАЕВА, КРАСНАЯ ПОЛЯНА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Осы ауылда өсіп келе жатқан жастар үшін өте жақсы үлгі. Есесіне жастар спортпен айналысады. Ауыл ақсақалдары дүкендерде сатып тұр ма, жоқ па, соны жиі тексеріп тұрады.

РКС: Ауылға сырттан келгендер мұндағы жағдайға ерекше таңданады. Ішімдік пен темекі атаулының мүлде сатылмайтынын естіген олар алғашында сенімсіздікпен қарайды. Тіпті кейбіреулері темекі іздеп, көрші ауылдарды шарлап кетіп жатады.

СНХ: ЗЕЛИМХАН ДАШАЕВ, САТУШЫ: Көбінесе дүкенге жолаушылар немесе осында жұмыс істеуге келгендер келіп темекі сұрайды. Мүлде сатылмайтынын айтамыз. Сонда олар қайдан сатып алуға болады деп сұрайды. Әрине, ауылда мүлде сатылмайтынын естігенде біртүрлі болып қалатынын түрлерінен көруге болады. Темекі сатып алу үшін басқа ауылдарға барады.

РКС: Бұл жағдай ауыл тұрғындары үшін үйреншікті. Өйткені, олар салауатты өмір салтын ұстануды әдетке айналдырған. Ақсақалдардың ұсынысымен жүзеге асырылған бұл бастама бүгінде бүкіл ауылдың бірлігі мен ішкі тәртіпке деген құрметінің айғағына айналып отыр.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ