ДИКТОР: Кеше Зеренді ауданында алғаш рет халықтың тікелей қатысуымен аудан әкімінің сайлауы өтті. Аудан бойынша 71 сайлау учаскесінде тұрғындар өз таңдауын жасады. Сайлау қорытындысына сәйкес, Зеренді ауданының әкімі болып Әсет Құрманғожин сайланды. Ауданда өткен сайлаудың барысы мен қорытындысы туралы тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Зеренді ауданында алғаш рет тікелей әкім сайлауы өтіп жатыр. Таңнан бастау алған сайлауға тұрғындар белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауда.
СНХ: БАЛҚЫЗ ЖҮНІСОВА, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Зеренді бірінші рет әкім сайлап жатыр. Біз өте қуаныштымыз. Ел азаматы, еліміз көркейсін, ауданымыз да оның ішінде. Бұл енді жақсы аудан облыс көлемінде. Жақсы үміттеміз.
СНХ: МАЙРА ҚҰРМАНҒАЗИНА, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Сайлау күні енді бүгін қайырлы болсын, барлықтарыңызға. Денсаулық, Отан тыныш болсын, ел аман болсын! Жаңадан келген кісі мына Зерендіні одан сайын көркейте берсін! Одан сайын жақсы болсын, бәріне амандық халыққа одан әрі жағдай жасай берсін.
РКС: Сайлауға барлығы 3 үміткер түсті. Оның біреуі «Аманат» партиясынан, ал екеуі өзін-өзі ұсынғандар. Аудан аумағында 71 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Барлық учаскеде дауыс беру үдерісі заң талаптарына сай ұйымдастырылды.
СНХ: ҚАЙЫРЕК КАЛИБАЕВ, №554 УЧАСКЕЛІК САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Зеренді ауданы республика бойынша бірінші аудан әкімін сайлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біздің комиссияның жұмысы сайлау учаскесінің ішіндегі тәртіп, келген кісілерді қарсы алып, қажет болса көмегімізді беріп, дауыс беріп, сағат кешкі 8-де учаскені жауып, жалпы санын қорытындылаймыз. Тәртіп сақтау, барлығы жақсы, бәрі жоғары деңгейде өтеді деген сенімдеміз. Бірінші және мына келген үлкен кісілерге сыйлығымыз, марапатымызды көрсеттік.
СНХ: ГҮЛАЙЫМ ВОРОНОВА, №557 УЧАСКЕЛІК САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Айдарлы ауылы 557 сайлау учаскесі. Біздің ауылда тізім бойынша 165 сайлаушылар. Сайлаушылар белсенді қатысып жатыр. Дауыс беру штаттық режимде жүріп жатыр. Ешқандай заң бұзушылық жоқ. Бәрі жақсы. Тұрғындардың көңіл-күйі жақсы. Ол кісілер енді ауданымыздың болашағы үшін, барлығының жаны ашып, таңдаған өз дауыстарын беріп жатыр. Үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Сондықтан біздің сайлаушылар кандидат туралы толық ақпарат біледі.
РКС: Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы аясында еліміздегі сайлау жүйесіне енгізілген өзгерістер басқару үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың мемлекеттік басқаруға белсенді қатысуын арттыруға бағытталған. Осы ретте сайлаушылардың пікірінше, әкімді тікелей сайлау - оның халыққа барынша жақын болып, ел мүддесін ескеріп, нақты мәселелерді тиімді шешуіне мүмкіндік береді,-дейді олар. Сайлау барысын қоғамдық бақылаушылар да жіті қадағалап, ашықтық пен әділдіктің қамтамасыз етуіне атсалысты.
СНХ: ИМАНҒАЛИ АҚПАЕВ, АУДАНДЫҚ БИЛЕР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Мен өзім аудан билер алқасының мүшесімін. Соның бақылаушысы болып келіп отырмын. Бақылауды қарап отырсам, ұйымшылдық жақсы көрініп отыр. Өзім ойлаймын, Зеренді ауданының келешегі бар. Келешегін қолдайтын жақсы бір әкім келеді деген ойым бар.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Айта кетейік, тікелей сайлау арқылы аудан әкімі халық таңдауымен 4 жыл мерзімге сайланады. Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару Заңына сәйкес, сайлауға 18 жасқа толған барлық азамат қатыса алады.
РКС: Сайлауға алғашқылардың бірі болып келіп, өз таңдауын жасағандардың қатарында - Зеренді ауданының тұрғыны Әлихан Қайролла да бар. Сайлауға алғаш қатысуы. Ол болашақ аудан әкімі халықпен тығыз байланыс орнатып, нақты істерімен тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ асады деген үмітте.
СНХ: ӘЛИХАН ҚАЙРОЛЛА, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Жалпы сайлау – бұл әр адамның борышы. Әр адам өзінің осы таңдауымен біздің ауданға әсер етеді. Жалпы осы үміткерлерден мен нақты іс, бос сөз емес, халықпен сөйлесе алатын адамды күтіп отырмын.
РКС: Сайлау қорытындысы бойынша сайлаушылар тізіміне 21 434 азамат енгізілді. Олардың жартысына жуығы дауыс беруге қатысты. Үміткерлер арасында Саян Байсейітовке 2 мыңнан астам, ал Асқар Есімбаевқа 945 сайлаушы дауыс берді. Сайлау қорытындысы бойынша 7576 дауыспен Әсет Құрманғожин Зеренді ауданының әкімі болып сайланды. Жергілікті халық жаңа әкімге үлкен үміт артып отыр. Олар жаңа сайланған басшы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетіп, маңызды мәселелерді шешуге тың серпін береді деп үміттенеді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ