ДИКТОР: Мүмкіндігі шектеулі балалардың қол моторикасын дамытып, ойлау, назар аудару, есте сақтау қабілеттерін жақсарту ерекше бүлдіршіндермен жұмыс істейтін әр педагогтың басты мақсаты десек артық айтпағанымыз. Бұл міндетті абыроймен атқарып жүрген мекемелердің бірі Көкшетаудағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Қазіргі таңда ол жерде жетпіске жуық бала тәрбиеленеді.
ИНТЕРШУМ: балалар, біз бүгін джут жібімен пішін арқылы орап жаңа жылдық шырша жасаймыз.
РКС: Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бұл еңбек терапиясы деп аталады. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуына оң әсерін тигізетін сабақ ерекше жандар үшін нағыз жан дауасы. Бүлдіршіндер джутпен жұмыс істеу әдістерін, шеберлік, шығармашылық деңгейін арттыру арқылы, сұлулықты бағалауды, байқауды үйренеді. Орталық тәрбиеленушілерінің жұмысына мен де қызығып кеттім. Еріксіз қастарына жайғасып жаңа жылдық шыршаны бірге жасап көрдім.
STAND-UP: ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ТІЛШІ: Джут жібі ұсақ моториканы дамытуға жақсы ықпал етеді. Әсіресе, осы орталыққа келетін мүмкіндігі шектеулі балалар үшін бұл үйірме өте керек-ақ. Бұл жердегі оқытушылар үйірмеге қатысып жүрген 12 бүлдіршіннің ойлау қабілеті дамып, қол моторикасының жақсарғанын байқадық дейді.
РКС: Мұғалім Сәуле Жанғожина әр баланың қабілетін бағамдап, әрқайсымен жеке жұмыс істеуге тырысады. Әрине, ерекше балалармен жеке әрі тиянақты жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен, орталық мамандары әрқайсына көңіл бөлу дұрыс деген пікірде. Осы күнге дейін балалар көптеген материалды меңгеріп, көздің жауын алатын талай бұйым жасаған.
СНХ: СӘУЛЕ ЖАНҒОЖИНА, КӨКШЕТАУ АРНАЙЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ: Джут дегеніміз тропикалық табиғатта өсетін шөптен жасалатын табиғи талшық. Балалардың ұсақ қол моторикасын, сенсорлық және көрнекі қабылдауын дамытады. Осы жолы балалар шырша жасады. Бұған дейін мынадай керемет қуыршақ дайындағанбыз. Соңғы кездері балалардың эмоциялық жағдайының да жақсарғанын байқадым. Олар бұл үйірмеге қуана-қуана келеді.
РКС: Еңбек терапиясына қуана келетіндердің бірі 11 жасар Аиша. Ерекше диагнозбен туған қыздың әсемдікке жаны әуес. Оның бойындағы ән мен биге, шығармашылыққа деген қызығушылығын ата-анасы да байқапты. Айтуларынша, орталыққа келгелі қыздарының дамуы жақсарған.
СНХ: ШАЙРОЛЛА ТАҚАМБАЕВ: Сенбі, жексенбі өткеннен кейін мен балабақшаға барам деп жанталасады. Тұрғаннан бері осында көрген нәрсесін үйде бәрін істейді. Таңертең тұрғанда осында үйретілген беті қолын жуады. Щеткасын көрсетеді. Тіс тазалаймын дейді. Тілі жоқ, но музыка болғанда танцевать етіп, көйлектерін киіп, телевизордың қасында жүреді.
РКС: Ерекше оқытуды қажет ететін балалардың қызығушылықтарын ойын, жаттығулар арқылы арттыру үлкен нәтиже береді,-дейді мамандар. Осы күні орталықта 70-ке жуық бала білім алуда. Әрқайсының диагнозы да, әлеуметтік жағдайы да әртүрлі. Бірақ, оқытушылар барлығына тең қарап, алдарына келген ұл-қыздардың дұрыс жетілулеріне ат салысады.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ