ДИКТОР: Көкшетау авиациялық бөлімшесінің құрамасы 303 мың гектар аумақты әуеден бақылай отырып, екі облыстың орманды алқаптарын қорғауда. Өңірдің мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері 19 оқиға тіркелді. Оның сегізін авиациялық бөлімше алғаш болып анықтады. Ал қалған жағдайларда олар өртті сөндіру жұмыстарына белсене қатысқан.

РКС: Көкшетау авиациялық бөлімшесінің құрамында 16 қызметкер бар. Олардың қатарында өрт сөндіруші - десантшы, нұсқаушы және ұшқыш-бақылаушы жұмыс істейді. Патрульдік ұшу өрт қаупінің белгіленген санатына байланысты жүзеге асырылады. Бұл көрсеткішті «Қазгидромет» есептеп отырады. Өрт қаупі аса жоғары болған жағдайда, әуеден патрульдеу тәулігіне бірнеше рет жүргізіліп, қызыл жалын шарпыған аумақтарға бірнеше айналым жасалып, тексеріледі.

СНХ: РЕНАТ УМАРОВ, «ҚАЗАВИОРМАНҚОРҒАУ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ КӨКШЕТАУ АВИАЦИЯЛЫҚ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Әуеге ұшу өрт қауіптілік класына сәйкес жүзеге асырылады. Бірінші класта бойынша өрт қаупі жоқ, ұшулар тек нақты өрт шыққан жағдайда ғана орындалады. Екінші класс кезінде – ұшулар күнара жүргізіледі. Үшінші класта – күн сайын бір реттік патрульдік ұшу орындалады. Төртінші класта – екі мәрте, ал бесінші өрт қауіптілік класында – күніне үш рет әуеден патрульдеу жүргізіледі.

РКС: Облыста «Қазавиорманқорғау» мекемесінің 3 авиациялық бөлімшесі қызмет атқарады. Олар: Ақкөл, Бурабай және Зеренді аудандарында орналасқан. Көкшетау авиациялық бөлімшесі Қызыл Кордон ауылында орналасқан. Қорғалатын аумаққа Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 5 филиалы кіреді.

СНХ: АРМАН ТҰРЫМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ӘЛЕМІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Өрт қаупі жоғары маусымға бөлінген ұшу лимиті әр бөлімшеге 150 сағаттан үш авиациялық бөлімшеге жалпы 450 сағат болып есептеледі. Қазір ұшу сағаттарын арттыру мәселесі қарастырылуда. Өрт қауіпі жоғары кезең басталғалы бері Ақмола облысының мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы 15,74 гектар жерді қамтыған 19 орман өртінің фактісі тіркелді. Оның ішінде орманмен жабылған аумақ – 15,14 гектар болса, 0,60 гектары орманды емес аумақ. Орман өрттерінен келтірілген залал 1 миллион 899 мың 500 теңге.

РКС: Жыл басынан бері өртке қарсы десантшылар Малик Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында оқудан өтіп, емтихандарды сәтті тапсырды. Арнайы бағдарламалар, теориялық және физикалық дайындықтан өткен мамандар кез келген жағдайда жұмыс істеуге қабілетті.

СНХ: ИГОРЬ ШИЛИПКО, ДЕСАНТ-ӨРТ СӨНДІРУШІ: Біз экипажбен ұшамыз, қатарымызда ұшқыш-бақылаушы және 3 десант-өрт сөндіруші бар. Нақты тапсырма бойынша өртті сөндіріп, локализациялаймыз. Менің міндетім – өртті сөндіру, өртті анықтау және түтін толығымен тарқамайынша жағдайды бақылауда ұстау.

РКС: Негізгі күш пен құралдар жеткенге дейін десантшы-өрт сөндірушілер тілсіз жаумен күресуде қолжетімді құралдарды пайдаланады. Авиациялық бөлімше құрамы өрт шыққан жерге тез жетуге мүмкіндік беретін, таулы және далалық жерлерде ұшуға бейімделген көпфункционалды Eurocopter 145 тікұшағын пайдаланады. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы авиациялық бөлімшелермен бірлесіп, табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарды анықтау және алдын алу мақсатында әуеден бақылау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса бермек.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ