ДИКТОР: Ақмола облысында аға буын өкілдерінің өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бүгін Көкшетаудағы белсенді ұзақ өмір орталығында аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары бас қосып, аталған мекеменің жұмысымен танысты. Олар шара аясында тәжірибе алмасып, облыстық ардагерлер кеңесінің көшпелі семинарына қатысты.

РКС: Бірінші кезеңде аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағаларына орталықтың барлық үйірмелерінің жұмысы таныстырылды. Олар зейнеткерлермен ашық пікір алмасып, үйірмелердің жұмысына тікелей қатысып, өз ұсыныстарын білдірді. Одан кейін семинарға қатысқан ардагерлер ұйымдарының жетекшілері белсенді қартаю, зейнеткерлерді әлеуметтік ортаға бейімдеу және бос уақытты тиімді ұйымдастыру бағытында жүзеге асырылып жатқан бастамалар туралы өз тәжірибелерімен бөлісті.

СНХ:САПАРҒАЛИ ӘБУҰЛЫ, ЕРЕЙМЕНТАУ АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Бұрын ескі орталықта тұратынбыз, қазір әкіміміз жаңа орталық берді. Оның ішіне жөндеу жұмысын жүргіздік. Ол кешенде бұрын теплосервис болған. Оларды көшіріп бізге "Белсенді ұзақ өмір орталығы" деп атап берді әкім. Оның жұмысы бітті, енді бір жұма ішінде кіреміз. Сіздерде бар үйірмелер бізде жоқ. Мысалы, тіл үйрететін бір кабинет болса деймін. Соны ашқымыз келеді.

СНХ: ФАРИДА ЕСЖАНОВА, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Биыл бағдарлама бойынша қарттарға арналған орталық ашсын деген пікірді қолдап, біз Степногорс қаласында аштық орталық. Астанаға барып мен тәжірибе жинадым, үйрендім, сосын келіп Степногрскте аштық. Бізде 10 үйірме бар. Басында тек орыс ардагерлері жиналған, қазір қазақ ардагерлер де көп келіп жатыр. Орталықта 360 адам бар. Бүгін Көкшетаудың тамаша орталығына келіп отырмыз. Ұнап жатыр. Енді барлығына осындай орталық міндетті түрде керек.

РКС: Көкшетаудағы аталған орталықта бүгінде 1000-ға жуық ардагер тіркелген. 13 үйірме тұрақты түрде жұмыс істейді. Қатысушылар шығармашылық, спорт және танымдық бағыттағы шараларға белсенді қатысуда. Мұндай орталықтар – егде жастағы азаматтардың қоғам өміріне араласуын қамтамасыз етіп, олардың әлеуетін тиімді пайдалану үшін маңызды әлеуметтік алаңға айналуда.

СНХ: ЕРМЕК НҰҒЫМАН, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Республикада өзі үлкен бағдарлама қабылданған болатын, аға буын өкілдерінің жағдайын жақсарту жөнінде. Сол бағдарламаға сәйкес осы орталықтар ашылып жатыр. Аудан орталықтары ашылғанда оларды осы жерге жинап, орталықтың сабақтарын өткіземіз. Қалай жұмыс істеу керек, Қандай мақсаттары бар, соның бәрі осы орталықта жүргізіледі.

РКС: Айта кетейік, биыл 22 наурызда облыс әкімі Марат Ахметжановтың бастамасымен Көкшетауда алғашқы белсенді ұзақ өмір орталығы ашылды. Аймақ басшысы өңірдің барлық ауданында осындай орталықтарды ашу жөнінде жергілікті әкімдіктерге нақты тапсырма берген еді. Бүгінде облыс көлемінде осындай бес орталық жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы бес орталық ашылмақ.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ