ДИКТОР: Биыл өңірде 4 мың 500-ден астам бала түлек атанды. Оның 3 мың 900-і 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өткізілетін ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Ақмолалық оқушылардың көбі математика-физика және биология-химия бағытындағы мамандықтарды таңдап отыр. Науқанның барысы жөнінде тілшіміз баяндайды.
РКС: Оқушылар сынақ тапсыруға онлайн тір¬келеді. Талапкер тапсыратын күнді, уақытты және тапсыру орнын өзі таң¬дайды. Демек, аймаққа немесе мек¬тепке тіркелудің қажеті жоқ. Сы¬нақ¬тар күніне екі рет – түске дейін және түстен кейін жүргізіледі. Биылғы түлектерді қуантқан тағы бір жаңашылдық – енді негізгі тестілеуден екі рет өтуге мүмкіндік берілген.
СНХ: САБРИНА АБЫЛАЙХАН, ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУДІ ТАПСЫРУШЫ: ҰБТ-ның нәтижесі маған қатты ұнады. 92 балл алдым. Биология және химия пәнінен. Мен психолог болғым келеді. Астанадағы ЕНУ және Алматыдағы Абай университетін қарастырып жатырмын. Соған түсуге ниетім бар. Мен осы жылы ғана бастадым дайындықты. Оған дейін қандай пән мен мамандықты таңдайтынымды білген жоқпын. «Дарын онлайн» платформасымен дайындалдым. Ол жердегі сабақтар өте түсінікті болды. Көп көмегін тигізді. Мектептегі мұғалімдермен де көп дайындалдым.
РКС: Еліміздегі талапкерлердің 10 пайызы жаңа комбинация - «математика-информатиканы» таңдаған. Бұл жаңашылдықты енгізу көптен бері талқыланып жүрген еді. Аталған бейінді пәндерді таңдаған оқушылар IT саласындағы мамандықтарға оқуға түседі. Сондай-ақ, биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің құрылымында да өзгерістер бар.
СНХ: ҚУАНЫШ МҰХАМЕДЖАНОВ, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жалпы, тестілеу форматында ешқандай өзгерістер жоқ. 120 сұрақ беріледі. 4 сағат уақыттың ішінде тапсыруы қажет. 3 міндетті пән сонымен қатар, 2 бейінді пән беріледі. Биыл тестілеудің сұрақтар саны мен құрылымында өзгерістер бар. Былтыр қазақстан тарихы бойынша 15 сұрақ болатын, биыл 20 сұраққа көбейді. Оқу сауаттылығынан 15 сұраққа дейін азайды. Сонымен қатар, бір сұраққа берілетін жауап нұсқасының саны азайды. Былтыр 1 сұраққа 5 жауап нұсқасы берілсе, биыл министрліктің шешімімен 4 нұсқа берілді. Бұл оқушыларға біршама жеңідік.
РКС: Сонымен қатар, биыл мүмкіндігі шектеулі балаларға қосымша 40 минут беріледі. Жаңа форматқа сәйкес 140 балдан шекті межені – 50 ұпайды жинай алмаған түлек жоғары оқу орнында ақылы негізде де оқи алмайды. Жалпыға ортақ шекті ұпай – 50. Университетте ақылы негізде білім аламын деген талапкерлер 65, медициналық мамандықтарға түсемін дегендер 70, ал педагогика мен құқық қорғау салаларына қызығушылық танытқандар 75-тен жоғары балл жинауы тиіс.
ӘНЕЛ РАҚЫМЖАН, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ