ДИКТОР: 1937-1938 жылдары қазақтың қаншама ұлттық интеллигенция өкілдері Отанға опасыздық жасады деген жалған айыппен саяси қуғын-сүргін құрбандарына айналды. Сан мыңдаған жазықсыз жандар жапа шекті. Сол зұлмат кезеңді еске алу мақсатында ұйымдастырылған жиынға түрлі этномәдени бірлестіктің өкілдері, университет ғалымдары мен профессорлар қатысып, баяндамаларын оқыды.
РКС: Өңірдегі қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының қызметі ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағытталған. Жиында атқарылған жұмыстар нәтижесі сараланып, ұсыныстар ортаға салынды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының атылған жылдары белгілі болғанымен қайда жерленгені жайлы ақпарат жоқ. Ақмола облысында шамамен 8 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп құрбандарды ақтауға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр.
СНХ:МАРАТ ӨТЕГЕНОВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДОЦЕНТІ: Азамат соғысынан кейін жаңа экономикалық саясат деген болды. Азамат соғысынан кейін халық есін жиып,малдарын төлдетіп енді аяғына тұра бастаған кезде оларды бай, феодал кулак деп айыптады. Бұл әдейі жасалған айыптау. Бұның үлкен саяси астары жатыр.
РКС: Сонымен қатар жиында репрессия жылдары өңірге қоныс аударған адамдардың ұрпақтары қатысты. Тоталитарлық тәртіптің құрсауына іліккен түрлі этнос өкілдерін қазақтар жанашырлықпен қарсы алып, қиын жағдайда қол ұшын беруден тайынған жоқ.
СНХ: ТӨКЕН ІЛИЯС, ҚАНДАС: Атажұрт деген сөз қазақтың атажұрты ата-бабасының жұрты деген сөз. Қазақтың барлығының үлкен шаңырағы ғой. 2000 жылдың басында отбасымыз бен көшіп келгенбіз. Өзім бар өмірімді мәдениет саласына арнадым.Мені қазақ халқы ешкімнен кем қылмай қарсы алып, бауырына басты.
РКС: Ғалымдардың айтуынша қандастарымыздың саяси өмірі жайлы жазылған бірде-бір мардымды дерек пен кітап жоқ. Сонымен қатар олар қазақ жұрты бастан кешірген осы тарихи трагедияны қазіргі жастарға көбірек насихаттау жайын да тілге тиек етті.
САЛТАНАТ СӘРСЕМБАЙҚЫЗЫ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ