ДИКТОР: Аймақта ауыз су мәселесі әлі де өткір. Тұрғындар кей жерде тіршілік нәрінің сапасына наразылық білдірсе, енді бірі оған тіпті жарымай отыр. Жайлау шағын ауданының халқы қыстан бері ауыз суға зәру.

РКС: Жайлаудағы 85-ші үйдің тұрғындары 3 айдан бері ауыз судың азабын тартып келеді. Қиындықтың басталғанына бір жылдың жүзі болыпты. Сапалы ауыз су туралы айтудың өзі артық.

СНХ: КСЕНИЯ ПОПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Қыркүйекте қысым тіпті сылбыр болды. Қысқа дейін солай азапты көрдік. Ал наурыздан бері күндізгі уақытта мүлдем ақпайды. Қазірдің өзінде су жоқ деуге болады. Сарғыш бірдеңе ағып жатыр, соның өзіне шүкіршілік етіп отырмыз. Бұлай қалай өмір сүруге болады? Түнгі бірден таңғы жетіге дейін 3 қабатты үйдің барлық тұрғынында ұйқы жоқ. Өйткені осы уақытта жуынып-шайынамыз, кір жуамыз, балаларын шомылдырады. Тамақ істеп, ыдыс-аяқ жуамыз. Күн мен түнді ауыстырып алып, жүрміз осылай. Дұрыс емес.

РКС: Тұрғындар осындай жағдайдың салдарынан ауыз суды сатып алуға мәжбүр болып отырғандарына наразы. Көпқабатты тұрғын үйдің иелері жаңа жылдан бері тиісті қызметтің табалдырығын тоздырумен келеді. Бірақ, күні бүгінге дейін шешілмеген. Оның басты себебі жөндеу жұмысын бар болғаны 3 қана маман істеп жатыр. Сондықтан жұмыс қайдан өнсін,-дейді тұрғындар,

СНХ: ЖАННА ӘБДІРАХМАНОВА, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ: Жайлау шағын ауданындағы сумен жабдықтау мәселесіне келсек, әкімішілік ол туралы біледі. Екінші жыл қатарынан айналысып келеміз. Қала әкімінің тапсырмасына орай былтыр таза судың резервуарларын жөндеу жұмысы жүргізілді. Қолданыстағы ұңғымаға дейінгі құбыр тарту жұмысы аяқталды. Бірнеше күннен кейін шағын ауданға дәл осы ұңғымадан су беріледі. Сол кезде қысым да барынша жоғарылайды.

РКС: Қаланы Сергеев су қоймасы тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. Соңғы кездері құбырлардың жиі жарылуынан осындай уақытша қиындықтар орын алып жатқан көрінеді. Онымен қатар жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Бәрі аяқталған соң жағдай қалыпқа келеді,-дейді қала әкімінің кеңесшісі.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ