ДИКТОР: Мектеп тауарлары сатылатын дүкендерде сауда қыза бастады. Ата-аналар балаларын жаңа оқу жылына дайындап, кеңсе тауарларынан бастап қажетті заттарды сатып алуда. Біреулер үшін баланы мектепке дайындауоңай болса, енді біреулер үшін қомақты шығынды талап етеді. Бүгінде баланы мектепке дайындауғақанша қаражатты қажет және халықтың жекелеген санаттарына қандай қолдау көрсетіледі? Тілшіміз баяндайды.

РКС: Даярлық сынып оқушыларының ата-аналары үшін жаңа оқу жылына дайындық жазда басталады. Мектеп формасы, сөмке және кеңсе тауарлары оқу басталар алдындағы міндетті сатып алулар. Алғашқы қоңырауға әлі бір ай қалғанымен, көптеген отбасы қажетті заттарды ертеңге қалдырмай, алдын ала сатып алғанды жөн көреді.

СНХ: РИЗАГҮЛ КӘРІБАЕВА, АТА-АНА: Баламыз даярлық сыныбына барады. Мектеп формасы, кеңсе тауарлары, сөмкені қосқанда шамамен 40 мың теңгедей шығады. Қазір барлық жерде бірыңғай мектеп формасы, әрі сапалысын алсаң, арзан емес. Кеңсе тауарлары мен сөмкеге шамамен 20 мың теңге жұмсаймыз. Сөмкені де арнайы дүкеннен аламыз.

РКС:Балаөскен сайын шығын да көбейеді. Жоғары сынып оқушыларына кеңсе тауарларынан бөлек, мектеп және спорттық киімдер, аяқ киіммен басқа да қажетті заттарын жаңадансатып алуға тура келеді. Сондықтан жоғары сыныпоқушыларын жаңа оқу жылына дайындау ата-аналарға әлдеқайда қымбатқа түседі.

СНХ: НАТАЛЬЯ БАБОШКО, АТА-АНА: Меніңше, баланы мектепке дайындауға кем дегенде 150 мың теңге қажет. Әлі бәрін толық сатып алған жоқпыз. Бірақ шамамен осындай сома керек болады. Екі шалбар, үш жейде, оқу құралдары, сөмке – ең қажетті заттарды алудың өзіне осынша қаражат қажет.

РКС:Мектепке дайындыққа кететін барлық шығын ата-аналардың мойнына жүктелмейді. Әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылардың 2–11-сыныпта оқитын балаларына «Жалпыға бірдей міндетті білім беру» қоры есебінен 50 мың 851 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, бірінші сыныпқа баратын балалар үшін республикалық «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылады.

СНХ: ӘДІЛЕТ СЕНБІ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Бірінші сыныпқа баратын оқушыларына бұл көмек қарастырылмаған. Себебі олар 1 қыркүйекке дейін мектеп оқушысы болып саналмайды. Олар үшін жеке «Мектепке жол» акциясы қарастырылған. Бұл акция аясында заңды тұлғалардың, кәсіпкерлер мен демеушілердің, сондай-ақ жеке азаматтардың көмегі көрсетіледі. Әлеуметтік осал санаттағы балалардың тізімін аудандық және қалалық білім бөлімдері дайындайды. Акция аяқталғаннан кейін сол тізім бойынша балаларға материалдық немесе өзге де көмек беріледі. Сонымен қатар, әлеуметтік осал санатқа жататын және мектепке дейінгі ұйымдарға, яғни балабақшаларға баратын балаларға да мемлекет қолдау көрсетіледі. Қазір мемлекеттік балабақшадағы тамақтану ақысы шамамен 20 мың 500 теңге. Әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін тамақтану ақысын мемлекет төлейді.

РКС: Жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Кейбір ата-аналар баласын мектепке дайындап үлгерсе, басқалары бұл іске енді кірісіп жатыр. Мамандардың айтуынша, шығынды алдын ала жоспарлап, мемлекет ұсынған қолдау шараларын тиімді пайдаланса, баланы жаңа оқу жылына дайындауға толық мүмкіндік бар.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН,ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ