ДИКТОР: Егіндікөл аудандық ауруханасындағы педиатрия бөлімшесінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жаңарту барысында палаталар мен дәліздер жөнделіп, инженерлік жүйелер мен электр желілері ауыстырылды. Енді тамыз айынан бастап кішкентай пациенттер жаңартылған бөлімде ем қабылдайды.
РКС: Жөндеу жұмыстары жергілікті агроқұрылымдардың демеушілігімен жүзеге асты. Бұл мақсатқа 17 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Тоғыз орынға шақталған балалар бөлімінде емделушілерге қолайлы жағдай жасалған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бөлімше бұрынғыдан әлдеқайда жарық, жайлы әрі заманауи кейіпке енген.
СНХ: НАДЕЖДА ШАМРОВА, АУДАН ТҰРҒЫНЫ: Осындай қолдау көрсеткен демеушілерге алғысымыз шексіз. Аурухана ұжымына да ризамыз. Балаларымызға ерекше мейіріммен қарап, әрдайым қамқорлық танытады.
РКС: Балалар бөлімінің безендірілуі жас пациенттердің көңіл-күйіне тікелей әсер етеді,-дейді мамандар. Жарқын әрі жайлы орта жас пациенттердің көңіл күйін көтеріп, ауруханадағы психологиялық жайсыздықты азайтуға ықпал етеді.
СНХ: ӘСЕМГҮЛ ҚИЯҚБАЕВА, ЕГІНДІКӨЛ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: Бұрын бос, ақ қабырғалар болатын. Енді балалардың өзін еркін әрі жайлы сезінуі үшін жылы түстер таңдалып, заманауи интерьер жасалды. Палаталар жаңа төсек-орындармен, жалюзилермен және қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Ойын бөлмесі жабдықталып, санитарлық тораптар түгел жаңартылды. Сондай-ақ жарықтандыру жүйесі мен электр желілері толық ауыстырылды. Енді бүлдіршіндерге сапалы әрі қолайлы жағдайда медициналық көмек көрсетуге толық мүмкіндік бар.
РКС: Қазір нысанда соңғы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңартылған балалар бөлімі алғашқы пациенттерін тамыз айында қабылдайды. Ал медициналық мекемені күрделі жөндеуден өткізу 2029 жылға жоспарланған.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, КӨКШЕ АҚПАРАТ