ДИКТОР: Балалардың ашық терезеден құлау деректері жиілеп кетті. Аймақта жаз басталғалы 12 бала терезеден құлап, зардап шеккен. Бір бала ауыр жарақат салдарынан көз жұмды. Былтыр осындай 16 дерек тіркелген. Мамандар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.
РКС: Статистика көңіл көншітпейді. Қайғылы оқиғалардың орын алуына балалардың қараусыз қалуы себеп,-дейді мамандар. Дегенмен құзырлы органдар да қолқусырып отырған жоқ. Қазір өңірде полицейлер мен құтқарушылар профилактикалық шараларды күшейткен.
СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Профилактикалық шаралардың аясында 2 мыңнан астам пәтер қамтылды. Шамамен 25 мың тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1,5 мыңнан астам терезе қауіпсіздік құлпы орнатылды.
СНХ: АСҚАР КӨШКІМБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Үйімізде 158 пәтер бар. Көбіне көпбалалы отбасылар тұрады. Міне, бүгін мамандар арнайы келіп, тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, терезеге бұғаттағышты тегін орнатып берді.
РКС: Қауіпсіздік талаптары тұрғын үй құрылысына да енгізілген. Айта кетейік, енді жаңадан салынған тұрғын үйлердің терезелері қауіпсіздік құлыптарымен жабдықталуы міндетті. Бұл талап құрылыс нормаларында бекітілген.
СНХ: АЙДЫН ЖЕҢІС, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Орындалған жұмыстың сапасы туралы қорытындыны берген кезде техникалық қадағалау белгіленген тәртіппен сараптамадан өткен жұмыс жобасын ұсынуы қажет. Ал нысанды пайдалануға қабылдау барысында құрылыс талаптарының сақталуы міндетті түрде тексеріледі. Яғни, көпқабатты тұрғын үй терезелері, қабат санына қарамастан, қауіпсіздік құлыптары мен қорғаныш тетіктерімен жабдықталуы керек.
РКС: Терезеге орнатылған торға сенім жоқ. Керісінше, оған сүйенген бала тормен бірге құлап кетуі мүмкін. Сондықтан мамандар қауіпсіздік құлпын орнатып, барынша сақ болуға шақырады. Мұндай құрылғының бағасы шамамен 1,5 мың теңгеден басталады.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ