ДИКТОР: Көкшетауда өз қолдарымен үйінің ауласын әсемдеп, гүлмен көмкеріп, күнделікті тазалығын қадағалап жүрген тұрғындар бар. Олар бәрін өздері үшін, балалары үшін жасап отыр. «Өзіміз қолға алмасақ, бізге ешкім келіп жасап бермейді» деген ұстаныммен жүрген тұрғындармен тілшіміз кездесіп қайтты.
РКС: Олеся Казарцеваның ата-анасымен Көкшетауда тұрып жатқанына қырық жылдан асқан. Жекеменшік үйінің ауласын әсем бақшаға айналдырған жанның қолынан шыққан композициясына қызықпайтын адам жоқ. Гүлдің неше түрін егіп қана қоймай, оларды тақырыпқа сай безендірген. Петуния, әтешгүл, барқытгүл, шырмауық, арыстанбас, астра, амарант, інжугүл, ирис, лалагүл жайқала өскен оның бақшасына қонақтаған жансыз тырналар мен қызғылт қоқиқаздар бейнелерінің өзі алыстан көз тартады.
СНХ: ОЛЕСЯ КАЗАРЦЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен гүлдермен балалық шағымнан бастап айналысып келемін. Бұл маған зор қуаныш пен шабыт сыйлайды. Әсіресе, гүлдер жайқалып ашылғанда, қасынан өтіп бара жатқан адамдардың жымиғаны өте керемет әсер етеді. Сондай-ақ, жылы сөздер есту де өте жағымды. Бастапқыда бәрі үй алдындағы шағын бақшадан басталған еді, бірақ уақыт өте келе орын жетіспей қалды, сөйтіп бақша қоршауының сыртына да гүл егіп көрдік, жыл өткен сайын гүлзарларымыздың санын көбейте бердік.
РКС: Отбасымен бақша баптағанды жақсы көретін жандардың ата-аналары жаз бойы саяжайда тұрып, тынымсыз еңбектенеді. Олесяға үйіндегі әсем гүлдерді аялап, өсіруге қызы Анастасия көмектеседі. Жануарларға құмар қыз болашақта мал дәрігері болғысы келеді. Былтыр «Үздік аула» аталымын жеңіп алған Абай көшесіндегі 48 үйдің ауласына кірсең шыққысыз. Шынында да үздік атануға лайық. Жан-жағы көмкерілген әсем гүлдер, түрлі талдар мен ағаштар күнделікті баптап-күткеннің жемісі. Тап-таза аула тұрғындардың демалуына да, балалардың алаңсыз ойнауына да лайықты.
СНХ: ҚАДЫРБЕК АҚЫШЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Барлығы жақсы. Біз өзіміз тазалықты ұстаймыз. Субботникке шығамыз. Бастықтарымыз оңды. Біз өзіміз тазалық ұстамасақ кім ұстайды. Барлығы мақтайды.
РКС: «Абай 48» мүлік иелерінің бірлестігіне қарайтын үйдің 96 пәтерінде 350-ге жуық тұрғыны бар. Олар бәрін ақылдасып, бірге шешеді. «Үздік аула» атағын жеңіп алған кезде қалалық әкімшіліктен бөлінген 20 миллион теңгеге балалардың ойын, спорт алаңдарын салып, подъездердің алдын төсеме таспен көмкерген. Аулаға Абай көшесі жағынан кіретін арканың өзін суретпен безендірген. Ретро-стильде салынған қабырғаға қызығып, суретке түсетіндер көп.
СНХ: ГАЛИНА ВОЛОКИТИНА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біздің үй тұрғындары өте тату-тәтті. Адамдарымыз өте ашық әрі мейірімді. Ортақ күш-жігеріміздің арқасында бізде керемет аула бар — ол төңіректегі ең үздік аулалардың бірі саналады. Барлық үй төрағаларына айтар кеңесім: тұрғындармен әрдайым ашық әрі адал болыңыздар, сонда олар сіздерге сенеді. Сонда біздегідей сіздерде де бәрі керемет болады.
РКС: Ал, суретші-мүсінші Құрманғали Жанмұхамбет болса, қалаға қоныс аударған кезден бастап өзі тұратын үйдің ауласын безендіруді мақсат тұтты. Көп ойланбастан, қос еліктің, оларды тасада тығылып бақылап жатқан қасқырдың және қос көкқұтанның бейнелерін бетоннан құйып, бояп қойды.
ИНТЕРШУМ: Бас сүйегі өзінің натуральный сүйегі, мынау қойдың басынан істелген. Натуральный болсын деп мойнын ұзын етіп, әдемі болсын деп. Сосын ғой көз тартатыны.
СНХ: ҚҰРМАНҒАЛИ ЖАНМҰХАМБЕТ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Балалар осының ішінде секіріп ойнайды. Қызықтайды. Сол себеп қой, балаларға қызықты болсын деп.
РКС: Қаланың әр тұрғыны осылайша өзінің ауласын безендіру арқылы қала келбетін көріктендіріп, ажарын ашуға үлесін қосып жатыр. Бұл жерде айналасына деген жанашырлық сезімі тұнып тұр.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.