ДИКТОР: «Atyrau Open» ашық турниріне еліміздің түкпір-түпкірінен 150-ге жуық спортшы қатысты. Дүбірлі жарыста 26 каратэші Ақмола өңірінің намысын қорғады. Олар керемет нәтиже көрсетіп, 13 алтын медаль иеленіп қайтты.

РКС: Турнирге қатысушылар ката, кумите бағдарламалары бойынша жеке және командалық жарыстарда бақ сынасты. Оның қорытындысы бойынша түрлі салмақ дәрежесінде жеңімпаздар анықталды. Осылайша, жалпыкомандалық сайыста Ақмола спортшылары 3 орынды еншіледі.

CНХ: ЕРНАТ ШӘРІПОВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: Біздің жігіттер жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Спортшылардың қай-қасысы болса да осал емес. Десе де солардың бірнешеуін ерекше атап айтқым келеді. Ислам Зейнулла, Ділназ Әуенова, Әдемі Жақсылық, Вова Боровский мен Әмір Апишевтер. Балалар жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Ұйымдастырушыларға да алғысымыз шексіз. Сайысты жоғары деңгейде ұйымдастырды деуге болады.

РКС: Турнир қарсаңында оқу-әдістемелік Гашуку-семинар ұйымдастырылғанын атап өткен жөн. Оны жапондық дәстүрлі каратэ шебері, қара белбеудің 9 дан иегері, әлемнің жеті дүркін чемпионы, дүниежүзілік каратэ федерациясының бас жаттықтырушысы Шотокан Хитоши Касуя өткізді. Ол жаттықтырушылар мен спортшылардың дайындық деңгейін лайықты түрде бағалады.

СНХ: ӘМІР АПИШЕВ, «ATYRAU OPEN» ТУРНИРІНЕ ҚАТЫСУШЫ: Екі бағдарламаға қатыстық. Мен кумитеде чемпион атасам, ката бағдарламасында екінші орын алдым. Каратэге 6-7 жасымда келдім. Турнир жақсы ұйымдастырылған. Маған бәрі ұнады.

РКС: Семинардан соң қатысушылар қара белбеу иегері атану үшін емтихан тапсырды. Ақмолалық 12 спортшы сынақтан сүрінбей өтті. «ATYRAU OPEN» турнирі Жапонияда өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңдерінің бірі болғанын атап өткен жөн.

МАРАЛ ІЛИЯС, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ