ДИКТОР: Ақмола өңірінде отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық 4,5, ал қылмыстық құқық бұзушылық 14 процентке артқан. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында зорлық-зомбылықты криминализациялау мәселесіне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Ішкі істер министрлігі мұндай фактілердің алдын алуға қатысты жоспар әзірлеп, заңнамаға өзгерістер енгізуге қатысты жұмыстарды қолға алған.
РКС: Екі тарапты татуластыру рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату мен отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар үшін жазаны күшейту енгізілетін өзгерістердің негізгілері. Былтыр Қазақстан бойынша тиісті органдарға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңға жуық хабарлама келіп түскен. Алайда, полиция олардың 60 проценті бойынша жәбірленушілердің арыз беруден бас тартуына байланысты шара қолдана алмады. Агрессорларға қарсы шығарылған ұйғарым да көп ретте мәселені шешпек түгілі, жағдайды ушықтырады.
СНХ: ӘСЕМ АСАЙЫНОВА, «ШАНС» ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қазір біздің орталықта 7 әйел тұрады. Олардың көбі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандар. Біз үшін маңыздысы – заңның барынша тиімді жұмыс жасауы. Заңнамалық тұрғыда әйелдер мен балалардың толыққанды қорғауға алынуы. Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен отбасылық жанжалдың арасындағы айырмашылық айқындалуы қажет. Бізге келген әйелдер жұбайынан зардап шегіп, көмек іздейді. Жалғыз күресу қиын. Агрессор балалардың көмегімен манипуляция жасай бастайды. Ұйғарым да шығарылады, агрессорды 10-15 күнге қамайды. Алайда, ол бостандыққа шыға салысымен одан да бетер ашуға мініп, жәбірленушінің соңынан қалмайды.
РКС: Сондай-ақ, құқық қорғау органдарымен қылмыстық фактілерді арыз берушінің шағымына байланысты ғана емес, құқық бұзушылықты анықтаған куәгердің берген анықтамасымен де тіркеу қарастырылып отыр. Яғни, отбасындағы келеңсіздікті байқаған болсаңыз, азаматтық құқығыңызды пайдаланып, шағымдана аласыз. Белгілі уақыт аралығында жәбір көрген әйелдер жақындарынан еш қолдау таппағандықтан, тез арада агрессормен ажырасуға талпынады. Мамандар осы кезде заң тұрғыдан көп әбестік жіберілетінін атап отыр.
СНХ: ЮЛИЯ НАСОНОВА, ЗАҢГЕР: Осындай қиын жағдайға түскен әйелдерге заңдық тұрғыда көмек көрсету барысында бірқатар қиындыққа тап боламыз. Мысалы, автоматты түрде аллимент тағайындауға болмайтыны үлкен мәселе. Жәбірленуші ажырасуға өтінім бергенде, бұрынғы жолдасынан аллимент талап ете алмайтын жағдайлар да орын алып жатады. Демек, әйелдің атаулы әлеуметтік көмек алуға мүмкіндігі болмайды.
РКС: Былтыр Ақмола облысы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 2 мыңнан астам заң бұзушылық тіркелген. Ал дағдарыс орталығына келіп түскен жәбірленушілердің саны 216. Оның 150-ден астамы бала. Өкінішке қарай бұл сан жыл сайын артып отыр. Құқық қорғау органдарымен алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанымен, зәбірленушілердің көбі оңалмай жатыр. Заңнамалық тұрғыдан оларды қысқа мерзімге қамау шаралары ғана қолданылады.
ӘНЕЛ РАҚЫМЖАН, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ