ДИКТОР: Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты облыстық байқау өтті. Бұл жолғы сайысқа этнос өкілдері қатысып, өзара бақ сынасты. Әскери қызметшілер байқауға жан-жақты дайындалған. Мерекелік шараны тамашалап келген тілші баяндасын.

РКС: Сайысқа өзбек, ұйғыр, татар, орыс және басқа да түрлі этнос өкілдері қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Бәсеке төрт кезеңнен тұрды. Байқау тапсырмасына сәйкес қатысушылар алдымен өзін-өзі таныстырып, мақал-мәтелдерге негізделген сайысқа қатысуы тиіс. Одан соң сұрақ-жауап кезеңінде бір минут ішінде 15 сұраққа жауап беруі қажет. Соңғы тапсырма бойынша белгілі бір тақырыпқа сай ой өрісін еркін жеткізуі керек болатын.

СНХ: ӘДІЛЖАН ӘМІРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ОНОМАСТИКА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ: Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес өз жұмысын атқаруда. Соның бір дәлелі міне бүгін болып жатқан «Мемлекеттік тіл - Тәуелсіздік символы» байқауы болып табылады. Бұл байқауға этнос өкілдері қатысып отыр. Соның ішінде әскери қызметшілер ережеге сәйкес төрт тапсырма бойынша бақтарын сынауда. Бүгінгі байқаудың жеңімпазы ертеңгі күні өтетін республикалық байқауда өзінің бағын сынайтын болады.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Айта кетейік, бұл жолғы сайысқа 7 әскери қызметші мен сарбаз қатысты. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Степногорск қаласындағы әскери бөлімнің сарбазы Әділ Байрамовқа бұйырды. Жарыс жеңімпазына 200 мың теңге көлемінде арнайы сыйақы табысталды. 2 орынды Шухрат Низаев, жүлделі үшінші орынды Илхом Хален еншіледі. Қалған қатысушыларға 50 мың теңгенің сертификаты берілді.

СНХ: ӘДІЛ БАЙРАМОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАНЫ «ОРТАЛЫҚ» ӨҢІРЛІК ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫНЫҢ № 3517 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ САРБАЗЫ: Шара барысында өзімнен басқа да ұлт өкілдерімен бақ сынастық. Осы шарада Алланың қалауымен мен жеңіске жетіп тұрмын, рахмет баршаңызға. Ең бірінші алғысымды мектеп кезіндегі өзімнің ұлағатты ұстазыма айтқым келеді. Сол кісінің арқасында, сол кісінің үйретуімен осындай күйге жеттім. Шара барысында қобалжулық болды әрине, менің ойымша ол әр үміткерде болды. Шараға қатысу бұл мен үшін үлкен бір мәртебе. Негізінен осы «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты шараға қатысу үшін менде өте аз уақыт болды. Аз уақыт ішінде дайындалып үлгердім. менің өзімнің ұлтым негізі мариец ұлты.

СНХ: БАУЫРЖАН НҰРҒАЛИЕВ, 5510 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҰМЫСТАР БӨЛІМШЕСІ БАСТЫҒЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ: Осындай іс-шараларға біз әрқашан да қатысып отырамыз. Бізде Қазақстанда да көп ұлт өкілі сияқты бізде де, биыл бізде 14 облыстан, Қазақстанның түкпір түкпірінен сарбаздар барлығы шақырылған. Бізде тіл мәселесі жөнінде сарбаздармен әртүрлі іс-шаралар өткізіледі. Дәл қазір, «Тілге құрмет - елге құрмет» деген акция жүріп жатыр, сол акция барысында көптеген іс-шаралар жоспарланып, өткізіліп жатыр.

РКС: Этнос өкілдерінің қазақ тіліне құрметпен қарауы, оны меңгеруге деген талпынысы қоғамдағы татулық пен өзара түсіністіктің айқын көрінісі. Дәл бүгінгідей іс-шаралар ел бірлігін бекемдеп, ортақ құндылықтарды ұлықтаудың кепілі.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ