ДИКТОР: Білім беру жүйесін озық технологияларды пайдалана отырып, заманауи талаптарға сай бейімдеу қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Осыған орай Көкшетауда «Болашақ білім: жауапты азамат, кәсіби маман» тақырыбында конференция өтті. Форум тәжірибе алмасуға, дене тәрбиесін дамыту, патриоттық тәрбие және білім беру үдерісіне заманауи тәсілдерді енгізу мәселелерін талқылауға арналған алаңға айналды.

РКС: Аталған жиын «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Сонымен бірге жаңарған білім беру ортасында педагогтардың кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған. Конференция барысында заманауи цифрлық құралдарды, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне енгізу мәселесіне, сондай-ақ педагогтар арасындағы озық тәжірибе алмасуға ерекше көңіл бөлінді.

СНХ: НАТАЛЬЯ ДРЕЙТ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Білім беру саласында жасанды интеллектті енгізу туралы Президент бекерден-бекер айтқан жоқ. Бұл өте маңызды қадам. Әрине, оны қолдана білу қажет. Сондықтан мұғалімдер жасанды интеллектті қалай дұрыс қолдану керектігін үйренеді. Дене тәрбиесі, алғашқы әскери және технологиялық дайындық сабақтарын мейлінше қызықты етіп өткізу үшін машықтарды қолданудың тәсілдерін зерделейді. Балалар қазір ғылыммен қатар өсіп келе жатқан ұрпақ. Сондықтан мұғалімдер де сол деңгейде болуы шарт.

РКС:Облыстық білім басқармасы жанындағы туризм, дене тәрбиесі мен алғашқы әскери және технологиялық дайындық орталығы ұйымдастырған конференцияға аймақтың барлық өңірінен 300-ге тарта ұстаз қатысты.

СНХ: МАХАББАТ ҚҰДАБАЕВА, ИМАНЖҮСІП ҚҰТПАНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ МҰҒАЛІМІ (ЖІБЕК ЖОЛЫ АУЫЛЫ): Бүгінгі конференция өте жақсы өтіп жатыр, өйтекені министерствовадан қанша адамдар келіп, спорт жайында айтып жатыр. Қазіргі цифрлық заманда балаларды дене шынықтыруға дәріптеуіміз керек. Өйткені, көп балалар телефонда отырады. Сондықтан да бүгінгі конференциямыз соған араналған. Өте жақсы, керемет өтіп жатыр.

РКС: Конференция аясында негізгі бес бағыт бойынша секциялық отырыстар жоспарланған. Онда экология, туризм, өлкетану, дене тәрбиесі мен алғашқы әскери дайындық тақырыптары қаузалады. Мұғалімдер екі күн бойы жаңа әдістемелік оқулықтармен бөліседі. Сондай-ақ оны оқу және тәрбие жұмысында қолданудың практикалық аспектілерін талқыламақ.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ