ДИКТОР: Облыс орталығында 27-31 наурыз аралығында халықаралық комедиялық театр фестивалі өтеді. Аталған шара Темірбек Жүргеновтың 125 жылдық мерейтойы мен халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылып отыр. Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында Қазақстандық өнер майталмандарынан бөлек, Өзбекстан, Қырғыстан елдерінің әртістері 9 номинация бойынша бақ сынамақ.
РКС: Мұндай фестиваль Көкше жерінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Байқауға қатысу үшін 18 театр өтінім жіберген. Сарапшылардың іріктеуінен өткен 9 ұжым бір апта көлемінде комедиялық қойылымдарын ел назарына ұсынбақ.
СНХ: ТІЛЕКТЕС МЕЙРАМОВ, ҚР ХАЛЫҚ ӘРТІСІ, ТЕАТР ЖӘНЕ КИНО АКТЕРІ: Маған ең бір көкейіме қонып отырған мәселе осы қазақ руханиятына, мәдениетіне, өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Темірбек атамыздың аруағын есіне алып, сол кісінің атымен атап отырғаныңыз көңілімнен шығып отыр. Сонымен қатар, осы фестивальшге қатысып келген өзбекстандық, қырғызстандық бауырларымызға қош келдіңіздер деймін.
СНХ: ЭЛЬЧИН ГАФАРЛЫ, ТҮРКСОЙ ҰЙЫМЫНА МҮШЕ ЕЛДЕРДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТЕАТР БАСШЫЛАРЫ КЕҢІСІНІҢ ҮЙЛЕСТІРУШІ: Бұл халықаралық фестивальге шақырту алғанымызға өте қуаныштымыз. Көкшетау қаласына алғаш рет келуім. Бұрын Алматы, Астана, Ақтау шаһарларына барып көргенмін. Маған өте ұнады. Жақсы әсер алдым. Ал Көкше өңірінде басқа фестивальдарда танысқан достарымды кездестірдім. Мұндай шаралар бізді жақындастырып келеді. Алдағы бір апта көлемінде бірге жұмыс істейміз. Барлық ұжымдарға сәттілік.
РКС: Театр сыншылары бұл фестивальді байқау емес, өнер мерекесі екенін айтып отыр. Басты мақсат - жұртшылық назарын заманауи комедия жанрына және жаңа театрлық үдеріске аудару. Сондай-ақ халықаралық аренада қазақ өнері мен тарихи тұлғаларымызды таныту.
ӘНЕЛ РАҚЫМЖАН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ