ДИКТОР: Ақмола облысында 200-ден астам шаруашылық субсидия ала алмай отыр. Оларға берілуі тиіс қаржының жалпы сомасы жарты млрд теңгеден асады. Мемлекеттік қолдаудан қағылғандар мәселесін Ұмсындық Наурызбаева тыңдап қайтты.

ЗКТ: Қуанышбек Ыбыраев былтыр ауыл шаруашылығы кредиттік серіктестігінен 10,5 млн теңге несие алған. Ол ақшаны тыңайтқыш және жанар-жағар май сатып алуға жұмсапты. Техникасын да жаңартқан. Несиенің пайыздық үстеме ақысы - 17 процент. Оның 7 пайызын кәсіпкер, қалғанын мемлекет мемлекет субсидия ретінде төлеп беруі керек. Бірақ, ол бүкіл несиені толықтай өзі жапқан.

СНХ: ҚУАНЫШБЕК ЫБЫРАЕВ ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Біржолата неге істемейді? 5 процент, 6 процент қылып. Кредит алып, содан кейін анау 10 процентке тағы да документтер жинайсың. Екі-үш ай жүреміз. Содан кейін ол төленбейді де. Очередь бар. Қолдау істемейді. Ақша жоқ.

ЗКТ: Субсидияның ақшасын мал шаруашылығымен айналысатын Серік Омаров та күтіп жүр. Ол былтыр қорадағы ірі қарасына жем шөп әзірлеу үшін 30 миллион теңге несие рәсімдеген. Бұл ақшаны гербицид пен тыңайтқыш алуға жұмсапты. Енді оның бір бөлігі кәсіпкерге субсидия ретінде қайта төленуі керек.

СНХ: СЕРІК ОМАРОВ - КӘСІПКЕР: Мемлекеттен субсидия ретінде 10 миллион теңге төленуі тиіс болған. Алайда, ол ақша жоқ. Міне, бір жыл болды. Әлі ала алмай жүрмін. «Қолдау» деген бағдарлама бар. Ол бір күн істесе, бір апта істемей тұрады.

ЗКТ: Қаржылай қолдаудан қағылғандар ауыл шаруашылық басқармасының табалдырығын тоздырып жүр. Бірақ, мұндағы мамандардың пәрмені арыз-шағым қабылдаудан аспай тұр.

СНХ: АЙДОС ТАЛАП - ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Шаруалар бүгінге дейін субсидияларын ала алмай жатыр. Себебі, «Қолдау» порталынан жаңа порталға интеграция жасалынбаған. Яғни, енгізілмеген. Бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті.

ЗКТ: Жауапты мамандар субсидияларды бөлудің ақпараттық жүйесіндегі өзекті мәселелер қашан шешілетінін нақты айта алмады. Ал шаруалардың несие алғанына бір жылдан асып кетсе, субсидия мүлде төленбеуі мүмкін.

STAND-UP: ҰМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА - ТІЛШІ: Ақмола облысына ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға биыл 10 млрд теңге бөлінген. Бірақ, мамандардың есебінше тағы 20 млрд теңге керек. Себебі қазірдің өзінде 200-ден астам шаруашылық кезекте тұр. Субсидияға өтінімдер әлі де түсіп жатыр.....

ҰМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, «КӨКШЕ АҚПАРАТ»