ДИКТОР: Көкшетауда облыстық «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы балалар» сурет байқауы өтті. Іс-шара оқушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және құқықтық сананы дамытуға бағытталған.

РКС: Көкшетау жоғары техникалық колледжі базасында ұйымдастырылған байқауға өңірдің әр түкпірінен келген 7–9-шы сынып оқушылары қатысты. Жас суретшілер сыбайлас жемқорлық мәселесіне деген көзқарасын сурет арқылы бейнелеп, адалдық пен әділдік идеясын қылқалам арқылы жеткізді.

СНХ: АҚЕДІЛ ЕГІМБАЙ, КОНКУРС ҚАТЫСУШЫСЫ: Мен сурет салумен шамамен үш жылдай айналысып келемін, және бұл іс менің жаныма ерекше жақын. Мен әр туындымды шын көңілмен, жан-тәніммен беріліп саламын, себебі суретке жүрек жылуын қосқанда ғана ол шынайы, әдемі әрі әсерлі болады деп сенемін. Сонда ғана ол көрген адамға қуаныш пен ой салады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы балалар» тақырыбы мен үшін өте маңызды. Себебі біз – болашақ ұрпақпыз, ал болашақта еліміздің өркендеуі адалдық пен әділдікке байланысты. Егер балалар кішкентайынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқараспен өссе, ертең пара алмайтын, арлы азамат болады. Мен Қазақстанның гүлденген, әділдікке негізделген ел болғанын қалаймын. Адал болсақ, бізді жарқын болашақ күтетініне сенемін.

РКС: Жоба «Адал ұрпақ» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Мамандардың айтуынша, бұл бағдарлама арқылы мектептерде аттас клубтар құрылып, онда оқушылар түрлі акциялар, байқаулар, қоғам қайраткерлерімен кездесулерге қатысады. Мұндай бастамалар белсенді, жауапты әрі рухани тұрғыдан тұрақты жас ұрпақты тәрбиелеуге ықпал етеді.

СНХ: ӘСЕМ ӘЗІРБАЕВА, ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Жоба жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Іс-шаралар мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылады. Биылғы байқауға облыс, аудан және қала мектептерінің өз өңірлерінде іріктеу кезеңінен өткен оқушылары қатысып отыр. Бүгін – үздіктер жиналған қорытынды облыстық кезең. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Жалпы бұл шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасында көзделген міндеттерге сай келеді. Оның басты мақсаты – құқықбұзушылыққа мүлде төзбеушілікті қалыптастыру, жастардың бойында адалдық пен парасаттылық қағидаттарын дәріптеу.

РКС: Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Жақсы ауданынан Нармин Қожахметова иеленсе, екінші орынға – Көкшетау қаласындағы балалар көркемсурет мектебінің оқушысы Малика Қазбекова лайық деп танылды. Ал үшінші орын – Степногорск қаласынан келген Карина Хайрулинаға бұйырды. Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар балалармен маңызды тақырыптар туралы өнер арқылы әңгімелесуге мүмкіндік беріп, мектеп ортасында адалдық пен сенім атмосферасын нығайтады.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ