ДИКТОР:Көкшетауда дағдарыс орталығына жүгінушілер саны былтырғымен салыстырғанда едәуір артқан. Мәселен, қазір «Шанс» әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау көрсету орталығында 30-дан астам әйел мен 59 бала көмек алуда. «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысында әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, басқарудағы әйелдердің рөлі және олардың қоғамдағы үлесі талқыланды.
РКС:Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балаларды қолдау - бүгінгі қоғам үшін өзекті мәселе. Мамандардың айтуынша, жанұядағы жанжалдың негізгі себептері – ішімдікке тәуелділік, жұмыссыздық және психологиялық күйзеліс. Осындай қиын жағдайға тап болған жандарға дағдарыс орталығы кешенді көмек көрсетеді. Биыл орталықтың қолдауымен 19 әйел жұмысқа орналасса, 45 бүлдіршін балабақша мен мектепке орналастырылды.
СНХ:КӨГЕРШІН СЕЙІТҚАЖИНА, «ШАНС» ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПСИХОЛОГЫ: Біздің орталықта әйелдерге психологиялық кеңес беріледі. Жыл басынан бері шамамен 400 консультация өткіздік. Бізге жүгінетіндер – тек әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар емес, арасында жоғары білімді әйелдер де бар. Өкінішке қарай, зорлық-зомбылық кез келген отбасында кездесуі мүмкін. Біз олардың әрқайсына қолдау көрсетіп, қажетті көмек көрсетуге тырысамыз.
РКС:Дағдарыс орталығы агрессорларға арналған арнайы бейімдеу тренингтерін енгізбек. Сонымен қатар мектептер мен колледждерде профилактикалық кездесулер ұйымдастыру жоспарланған. Отырыста өңірдің дамуына үлес қосып жүрген әйелдердің рөлі де ерекше атап өтілді. Әйелдер көшбасшылығы қалыптасып келе жатқан өңірдің бірі – Жақсы ауданы. Мұнда ауыл шаруашылығы саласында 600-ден астам әйел жұмыс істейді. Ауданда түрлі салада 20 әйел басшылық қызмет атқарып жүр.
СНХ:АЛМАГҮЛ ҚАДЫРАЛИНА, ЖАҚСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: 14 ауылдық округ әкімінің төртеуі - әйелдер. «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» дейді ғой. Бүгінде кез келген салада ер азаматтармен тең дәрежеде еңбек етіп жүрген әйелдер аз емес. Сондай-ақ бізде алты бөлімнің үшеуін әйелдер басқарады.
РКС:Өңірде әйелдер бастамалары қарқын алып келеді. «Асыл аналар» көпбалалы аналар қауымдастығы шеберханалар, дәмханалар ашып, қолөнер бағытында табысты жобалар жүзеге асыруда.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ