ДИКТОР: Бұрынғы жұбайына пышақпен шабуыл жасаған ер адамға сот үкімі шықты. Ол адам өлтіруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды. Қайғылы жағдай әйелдің жұмыс орнында болған. Тергеу мәліметінше, 1991 жылы туған айыпталушы бұрынғы жұбайымен сөйлесуге келген. Алайда жанжал кезінде әйел кетпек болған сәтте ер адам оның арқасына пышақ сұғып, кейін тағы сегіз рет жарақат салған. Жәбірленушінің өмірі дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында аман сақталып қалды. Сот мәліметінше, қылмысқа қызғаныш пен тұрмыстық жанжал себеп болған. Ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен, олардың кәмелет жасына толмаған 2 баласы бар. Сараптама қорытындысы бойынша ер адам есірткіге тәуелді және емделуді қажет етеді. Ол өз кінәсін мойындамаған, әйелді өлтіру ниеті болмағанын алға тартқан. Қазір жәбірленуші ауыр жарақаттардан кейін оңалту емін жалғастырып жатыр.

СНХ: ДАРХАН БЕЙІСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: Айыпталушының кінәсі сот сараптамаларының қорытындылары, жәбірленуші мен куәлардың айғақтары және өзге де іс материалдары арқылы толық дәлелденді. Сот ерекше ауыр қылмыстың сипатын, кінәлінің жеке басын, сондай-ақ оның қылмыс кезінде және сот процесі барысында өзін ұстауын ескере отырып, оған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі ем алу түрінде жаза тағайындау туралы үкім шығарды.