ДИКТОР: Биыл қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын Еркеш Ибраhимнің туғанына 95 жыл. Осыған орай Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесі әдеби кеш ұйымдастырды. Бұл шарадан көрермен қандай ой түйді? Тілші баяндасын.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Еркеш Ибраhим қазақ әдебиетінің талантты өкілдерінің бірі. Өлеңдері – сөздің шынайы әсемдігі мен жүректің нәзік лүпілінен туған мөлдір поэзия. Әр шумағы нәзіктік сезімнің сұлу күйіндей.Жер шоқтығы Көкше өңірін жырға қосқан ақын оның сұлулығын, қазақ даласының көркемдігін нәзік сезіммен бейнелеген. Еркеш жырларында Көкшетау – Сәкендей кербез, Алатау – ақ қардай асқақ бейнеде суреттеледі.

СНХ: СЕРІК ЖЕТПІСҚАЛИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Ірі ақын, лирик ақын, журналист. Мынау Көкшетау правдасы газетінде облыстық көп жыл қызмет істеген өзі. Одан кейін Қарағанды мен осы Көкше өңіріндегі Егемен Қазақстанның меншікті тілшісі болған. Демек халықтың арасында жүрген, елдің тыныс-тіршілігін жақсы білген адам. Енді өлеңдеріне келсек, өлеңдері өте нәзік, тілі көркем, осы Көкшетауды өте көркем тілмен әдемі суреттеп жазып кеткен ақын. Енді бүгінгі Красный Яр қалалық кітапханасындағы өтетін шара осы кісіге арналып жатыр.

РКС: Жыр кешінде балалар Еркеш Ибрахимнің өлеңдерін тебірене оқыды.Көрермендер ақынның өмір жолынан сыр шертетін қызықты деректермен танысып, оның шығармашылық мұрасы жөнінде тың мәліметтер алды. Жыр иесін көзі көрген ақсақал өз естеліктерімен бөлісті. «Еркеш – өнер адамдарын маңына топтастыра білген, жүрегі кең, ақжарқын жан еді. Жанындағы інілеріне қамқор болып, оларға әрдайым қолдау көрсететін. Нағыз ағалық болмыс иесі болатын», – деп еске алды қария.

СНХ: ЕСІМБЕК ӘБІШЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Көкшетауда тұрғанда тамаша жазушы аға деп біз оны білдік. Ол кісі біздің атамыз жақсы білді, сол үйге келіп жүрген, содан жақсы білем. Салмақты осы айтқанына нық еді. Шығармаларын, сол өлеңдерін, оқып сонымен өскен балалармыз. Жақсы адамдарды біз ешқашанда ұмытпаймыз. Сол бала кезіміздегі көрген ағамызды мен әрі көз алдымда. Сондай жігерлі де салмақты кісі еді, мен әрқашан арқа тұтатынмын.

РКС: Кешке ауылдың үлкені де, кішісі де жиналды. Бұл – ел ішінде рухани өмірге деген қызығушылықтың бар екенін көрсетеді.

СНХ:ГҮЛНӘЗ АУДАНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Кешке келіп куә болып отырған жастардың, мынау оқушылардың, осы ауыл тұрғындарының саны аз емес, мен соған қуандым. Рухани шаралар, дүркін-дүркін өтетін тойлар көбіне қайда, үлкен қалаларда, үлкен жерлерде өтеді. Кішкентай, шағын елдімекендерде мұндай адамды қызықтыратын, адамды, жастарды баурап алатын шаралардың көптеп болғаны өте маңызды. Ұрпақтың дамуы үшін. Үлкен кісілер де бар, кішкене оқушылар да бар. Аға ұрпақ пен бала ұрпақтың тоғысқан әдемі кеші болды.

РКС:Осындай рухани кештер үзілмей, ел ішінде жалғасын тауып отырса жыр арқылы жүрекпен сөйлеген ақынның сөзі өлмейді, жыры сөнбейді. Бүгінгі кеш – ақын рухына тағызым, жыр әлеміне жасалған сапар болды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ