ДИКТОР: Өңірде көктемгі егіс науқанына дайындық қызу. Биыл облыс диқандары 5,2 миллион гектар жерге егін егуді жоспарлап отыр. Қазір шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеп, тұқым таңдап, тыңайтқыш сатып алуда.

РКС: Бұланды ауданына қарасты Капитоновка ауылының шаруалары көктемгі егіс науқанына техниканы тыңғылықты дайындауда. Ауылдағы механизатор мен жүргізушілер трактор, жүк көліктер сынды техниканың ақаулықтарын жөндеп, тексерді. Егіс науқаны әдетте қысқа мерзімде өтеді. Сондықтан мұндай техникалар кез келген жағдайда қолданысқа дайын болуы қажет.

СНХ: ВЛАДИМИР БОГДАНОВ, ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ: Әр тұқымды жерге сіңіретін белгілі бір мерзімі бар. Ол импорттық, ресейлік екеніне қарамастан барлық техника дайын болуы шарт. Сондықтан біз бәрін алдын ала дайындауға тырысамыз. Техниканың көп бөлігі күзден бері жөндеуден өткен. Қыста да жөндеу жұмыстарын жалғастырдық. Қазір ақырғы кезеңінде.

РКС: Қыс бойы егістік алқаптарында қар тоқтау жұмыстары жүргізілді. Бұл топырақты жеткілікті түрде ылғалмен қамтамасыз ету үшін жасалған алғышарт. Диқандардың айтуынша, мұндай шаралар болашақта құрғақшылықпен күресуге ерекше ықпал етпек. Ең бастысы дер кезінде жасау қажет.

СНХ: ВЛАДИМИР БОГДАНОВ, ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ: Үлкен аумақтарда жиі жер жыртуға тырысамыз. Ал жер жыртылған жерде ойықтар қалады. Сол жерге қар жинаған кезде, ылғалдың көп бөлігі топырақтың астына кетеді. Сондықтан қар ұстаудың нәтижесі жақсы.

РКС: Биыл облыс диқандары көктемгі егіс науқаны кезінде 15 мыңға жуық трактор пайдаланбақ. Сондай-ақ егістік алқаптарда өнімділігі жоғары 1,5 мыңға жуық егіс кешені жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан арзандатылған бағамен 73 мың тоннадан астам жанар-жағар май бөлінді. Жергілікті билік диқандарға өзге де қажеттіліктер бойынша жәрдемдесетінін айтып отыр.

СНХ: ҚАСЫМ ИТҚҰСОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Тек субсидия түрінде 13 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Яғни, пестицидтер мен гербицидтердің құнын төмендетуге мемлекет тарапынан 9,1 млрд теңгеге өтеусіз көмек көрсетілді. Тыңайтқыштардың құнын арзандату үшін 3,2 млрд бөлуді жоспарлап отырмыз. Ал 600 миллион теңгеден астам қаржы тұқым сорттарының бағасын арзандатуға жұмсалады.

РКС: Диқандардың айтуынша, дәстүрлі дәнді дақылға баса назар аударылады. Олар егістік алқаптың 4,7 миллион гектарына орналастырылмақ. Биыл да астықтың өнімділігін арттыру және сапасын жақсартуға басымдық беріледі. Қазірдің өзінде 530 мың тоннадан астам тұқым дайындалды.

АИДА ХАМИТОВА, АЛЕКСАНДРА ГАУЭРТ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ