ДИКТОР: Аймақтағы су тасқыны туралы ескерту шаралары жүргізіліп жатыр. Қорғалжын ауданында 8 елдімекен су астында қалуы ықтимал. Соның ішінде Нұра өзенінің бойында орналасқан Ұялы, Өркендеу ауылдарында қауіп жоғары. Оған 700-ден астам адамы бар 200 үй, 13 білім ошағы мен ауылшаруашылығы нысаны кіреді.

РКС: Көктемгі су тасқыны кезінде автокөлік жолдарын да су шайып кету қаупі бар. Облыстық маңызы бар Қорғалжын-Арықты-Сабынды автожолының 48-ші шақырымы аса қауіпті болып отыр. Жыл сайын көктем мезгілінде Қорғалжын ауылындағы Нұра өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты көпірді су шайып кетуі мүмкін деген болжам бар.

СНХ: МҰХАМЕДДИ ҒАБДЫ-САБЫР, ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биылғы жылға шұғыл шығындар резервіне, төтенше жағдайлардың алдын алуға және оның салдарын жоюға 759 мың теңге қаражат бөліп отыр. 70 тонна инертті материал, 5 тонна жанар-жағармай мен 5 мың дана қап дайындалды. Азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жеке кәсіпкерлермен 4 келісім-шарт жасалды.

РКС: Аршалы ауданында су тасқынына қарсы өңірлік штаб құрылды. Ол бекітілген жоспарға сәйкес қар суын апатсыз ағызуға қатысты жұмыстарды жүргізеді. Апат орын ала қалған жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін 760 орынға шақталған білім беру нысаны мен мәдениет үйінде эвакуациялық 8 пункт жасақталды. Төтенше жағдайдың алдын алуға биыл бюджеттен 25 миллион теңге қарастырылған.

СНХ: МӘРЛЕН БАБАЕВ — АРШАЛЫ АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: Аудандық бюджетте төтенше шығындар резервіне 43,8 млн теңге қарастырылған. Жібек Жолы ауылдық округінде қар шығаруға 30 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ жолдарды тазартып, қарды сыртқа шығаруға аудандық бюджеттен 118,855 млн.теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ, 690 мың теңгеге 10 мың дана қап, 185 мың теңгеге күрек сатып алынды. Волонтерлерге арнайы киімдер сатып алу үшін 212 800 теңге қаражат бөлінді. 378 мың теңгеге жуық қаржыға азық-түлік те дайындалды. Жылжымалы 3 мотопомпа сатып алынды.

РКС: Қазіргі уақытта елдімекендерден 600 мың текше метрден астам қар шығарылды. Апат орын ала қалған жағдайда 50-ден астам арнайы техника мен 12 мотопомпа жұмысқа кіріспек. Төтенше жағдай қызметінің 85 маманы да жеке құрам ретінде жасақталған.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ӘЙГЕРІМ БЕГЕНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ. КӨКШЕ АҚПАРАТ