ДИКТОР: Ұлыстың ұлы күні наурыздың бастауы - Амал мерекесі. «Көкшетау энерго» серіктестігінің қызметкерлері 14 наурыз – көрісу күніне арналған мерекелік думан ұйымдастырды. Айтулы күнге орай ұлттық киім киіп, әр келген әріптесін құшақ жая қарсы алды.

РКС: «Көкшетау энерго» серіктестігінің қызметкерлері ғимаратқа кіре бере жұмыс кестесін көрісуден бастады. Кіреберіс дәлізде Наурыз мерекесімен құттықтаған жылы лебізге толы көрнекілік орналастырған. Сондай-ақ, дастархан жайылып, келген қонақтарға ұлттық тағамдардан дәм ұсынылды. Бауырсақ пен аққа толы дастарханға дәстүрге сай бата да берілді.

ИНТЕРШУМ: бата беру

СНХ: ЖАБАЛ ЕРҒАЛИЕВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: Жасыңыз үлкен, үлкен елдің ағасысыз ғой деп бата беріп кетіңіз деп шақырған соң келіп отырмыз. “Баталы ел арымас” деген қазақта сөз бар ғой. Еліміз аман болсын, жұртымыз тыныш болсын. Бұл дәстүр бұрын Қазақстанның батыс өңірлерінде ғана болса, соңғы кездері зиялы қауымдар көрісу күнін қазақтың барша өңірлерінде тарату мәселесін айтқан. Бұл халықтың көңілінен шыққан көрісу, амандасу, ағайынның амандығын білу қазақтың ертеден келе жатқан ата салты екенін ешқашан ұмытпауымыз керек.

РКС: Мекеме басшысы бұл дәстүрдің тойлануы бекер емес екенін айтты. Мереке - ұжымды ұйымдастыруға, қызметкерлердің бір-біріне жақсы көңіл-күй сыйлауына ықпал етеді. Сондай-ақ, өнегесі мол дәстүрдің тағылымын, мән-мағынасын әрі қарай жалғастыру маңызды екенні де атап өтті.

СНХ: ДОСЫМХАН АРАЛБАЕВ, «КӨКШЕТАУ ЭНЕРГО» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Наурыз күні көрісу, қауышу, халық, ел, жұрт болып қуану күні келіп отыр. Сол күні біздің мекеме «Көкшетау энерго» шет қалмай, өз әрекетімізбен кіреберісте ашық көңілмен, таза ниетпен Наурыз мейрамын қарсалып Қазақстанның әрбір азаматына, әрбір шаңырағына жақсылық тілейміз.

СНХ: НАТАЛЬЯ УШАКОВА, «КӨКШЕТАУ ЭНЕРГО» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ОРТАЛЫҚ ДИСПЕТЧЕРЛІК ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕРІ: Бүгін Қазақстан үшін атаулы күн. Көрісу күні. Екі жасымнан осы елде тұрамын, Отаным деп санаймын. Баршаңызды мерекемен құттықтап, денсаулық, бақ, береке тілеймін.

РКС: «Көкшетау энерго» серіктестігінде Наурыз мейрамы қарсаңында түрлі іс-шаралар легі өтеді. Қызметкерлер арасында 6 күнге созылған мәдени, спорттық жиындар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, еңбек сіңірген ардагерлерге төсбелгі табыс етіледі.

АИДА ХАМИТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ