ДК: Степногорск қаласында 67 мыңға жуық адам тұрады, оның 3 мыңға жуығы мүмкіндігі шектеулі жандар. Оларды әлеуметтік бейімдеуге және оңалту мақсатында орталық ашылды. Мұнда бір уақытта 20 адамға дейін спортпен айналысу мүмкіндігі бар.

РКС: Степногорск қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау үшін спортпен айналысуға арналған жаңа орталық ашылған. 265 шаршы метрлік ғимарат бұған дейін жабық тұрақ болған. Оның жөндеу жұмыстарына қалалық бюджеттен 13,4 млн. теңге бөлінді. Жабдықталған жаңа нысанда күніне 10-15 адам келіп жаттығады.

СНХ: СТАНИСЛАВ МҰХАМАДИЕВ, МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА АРНАЛҒАН «МЕРГЕН» СПОРТ КЛУБЫНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Бұл жерде 15 теннисші және 3 адам пауэрлифтингпен айналысуға мүмкіндік қарастырылған. Қазіргі таңда 10 тренажер бар. Оның екеуі мүгедек арбасына таңылған жандарға лайықталған. Спортшылар орталыққа “Инватакси» қызметі арқылы жеткізіледі.

РКС: Жаңа спорт залы жеке қабілетттерді ескеретін арнайы жабдықтармен қамтылды. Атап айтқанда, электр тренажерлары, жүгіруге арналған жаттығу құралдары және үстел теннисі. Оларды сатып алуға облыс бюджетінен 5 млн. теңге қаржы бөлінген. Кәсіби параспортшы Наталья Курдюкова үстел теннисімен 13 жыл бойы айналысып келеді. Ол құрылыс барысында барлығы ақылдасып жасалғанын айтты. Тіпті, есік өлшемдеріне дейін мұқият зерделенген.

СНХ: НАТАЛЬЯ КУРДЮКОВА, ПАРАҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН СПОРТ ШЕБЕРІ: Зал бізге өте ыңғайлы. Бұған дейін біз спорт кешенінде орналасқан бокс залында жаттықанбыз. Бұл жерде барлығы қарастырылған, тіпті әжетханаға арбамен еркін кіріп шыға аламыз. Қазір “Инватакси» қызметімен келеміз. Менің ойымша, ғимарат ешқандай жаңартуды қажет етпейді. Өйткені, барлығы нормаға сәйкес салынған.

РКС: Орталық таңғы 11-ден кешкі сағат сегізге дейін ашық. Әрбір келуші жаттығу құралдарында шыныға алады. Сондай-ақ, жаттықтырушылар болашақта “Денсаулық” ұйымын ашуды жоспарлап отырғандарын айтты. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға кәсіби спорт түрімен айналысуға жәрдемдеспек.

АИДА ХАМИТОВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ