ДК:Облыс бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты құқық бұзушылық фактілері 13 процентке төмендеген. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министірлігі отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жауапкершілікті қатаңдату шараларын, сондай-ақ, тәртіп бұзушыларды оңалту және олармен тәрбие жұмысын жүргізу үшін арнайы жоспар құрған.

РКС:Былтыр Ақмола өңірі бойынша тұрмыстағы әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты 2 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен. Оның ішінде мыңға тарта шағым тұрмыстағы заңсыз әрекеттер, 850-і денсаулыққа жеңіл зиян келтіру, 350-дей арыз ұрып-соғу фактілері бойынша тіркелген. Нәзік жандыларды заңсыз әрекеттерден қорғау мақсатында, учаскелік полиция инспекторлары мұндай әрекеттерге бейім тұлғалардың тұрғылықты мекенжайы бойынша қадағалау жұмыстарын жүргізеді.

СНХ:ЕРБОЛАТ ҚҰСАЙЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Әйелдердің құқықтарын сақтау мақсатында, зорлық-зомбылық жасалған әр фактісіне өткен жылда 3,5 мыңнан астам қорғау нұсқамалары шығарылған. Қорғау нұсқамалары құқық бұзған тұлғаның жүріс-тұрысына шектеулер қояды, ол тұрмыстық зомбылықтарды жасамау, жәбірленушінің еркіне қарсы іздестірмеу, қоңырау шалмау және тағы басқасы. Қорғау нұсқаманың талаптарын орындамағаны үшін әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 461 бабымен жауапкершілік көзделгшен, оның санкциясы ескерті немесе 5 тәулікке дейін қамауға алу.

РКС:Ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жәбірленушілерге көмек көрсету мақсатында облыста 9 дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұр. Олар Көкшетау мен Степногорск қалаларында, Сондай-ақ Бурабай, Ақкөл, Атбасар, Жарқайың мен Бұланды, Целиноград және Қорғалжын аудандарында орналасқан.

СНХ:КӨГЕРШІН СЕЙТҚАЖИНА, «ШАНС» ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПСИХОЛОГЫ: Статистикаға сүйенсек, былтыр біздің орталыққа өмірлік қиын жағдайға тап болып, жәбір көрген 57 әйел және 230-ға жуық бала келіп түсті. Олардың әрқайсысына кешенді көмек көрсетілді. Жәбірленушілерге жарты жыл орталықта тұруына болады. Осы кезеңде олар кешенді қызмет түрлерін ала алады. Біздің жұмысымыз осындай қиыншылыққа тап болған әйелдердің қоғамда бейімделуіне көмек беруге бағытталған.

РКС:Қазіргі таңда Көкшетаудағы орталықта 7 әйел мен 19 бала тұрып жатыр. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда дағдарыс орталығына келген аналар өзін емес, баласының болашағына алаңдаулы.

СНХ: ЖӘБІРЛЕНУШІ: Мен ерте тұрмыс құрдым. Жолдасым отбасының үлкені болғандықтан, ата-анасымен бірге тұруға мәжбүр едік. Ұл мен қызым дүниеге келді. Алғашқы жылдары бәрі жақсы болатын. Ұлымды босанғаннан кейін, қайыненемнен қысым көре бастадым. Не істесем де, жақпадым. Күйеуіме мені жамандап, қарсы қоя бастады. Ұрыс-керістің бәрі содан шығатын. Қатты күйзеліске түстім. 9 жылдық отбасылық өмірде бәріне шыдадым. Бірақ, соңғы екі жылда бәрі тым қиындап кетті. Мұндай жағдай ең алдымен балаларыма зиянын тигізетінін түсіндім. Сондықтан кетуге шешім қабылдадым.

РКС:Көп жағдайда жұбайынан немесе отбасы мүшелерінен жәбір көрген әйелдер жылдар бойы зорлық-зомбылыққа төзіп келеді. Күйеуінің қолынан мерт болғандар да аз емес. Соған қарамастан нәзік жандылардың ер азаматына тәуелді болып, іс насырға шапқанға дейін шыдайтыны өкінішті.

ӘНЕЛ РАҚЫМЖАН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ