ДИКТОР: Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ұжымы және студенттерімен кездесті. Шара барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы, университет студенттерінің білім сапасы мен жастар саясаты мәселелері қозғалды.
РКС: Кездесу барысында әлеуметтік-экономикалық жаңғыру, әділетті қоғам құру және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері талқыланды. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев Президент Жолдауы жүктеген міндеттердің жүзеге асырылу барысына тоқталды.
СНХ: ДОСҰЛАН АЙТБАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауын жариялаған болатын. Онымен бәріміз таныстық. Оны біздің өңірімізде іске асыру барысына кірісіп кеттік. Сондықтан осы жолдау президенттің өкілі ретінде өңірлерде қалай іске асады, президент жолдауында айқындап берген бағыттарды әр санаттағы азаматтармен, соның ішінде жастармен бүгін кездесуге келіп отыр.
РКС: Бүгінде жастардың жаңа ойлау мәдениетін қалыптастырудағы, ұлттық мүдделерді нығайтудағы және кәсіби өсудегі рөлі ерекше. Кездесу барысында университеттің үздік студенттерінің бірі Мейрамбек Оразәлі мемлекеттік саясаттың жаңа бағыттары мен жастарды қолдауға арналған бағдарламалар жайында айтты.
СНХ: МЕЙРАМБЕК ОРАЗӘЛІ, А. МЫРЗАХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Қазақстан Республикасы бүгінде тұрақты экономикасы, салмақты саясаты және өзіндік мәдениеті бар қалыптасқан және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет болып табылады. Мемлекет тарапынан білім мен өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөлінуде. Университетіміз жастарды қолдау, әлеуетін арттыру бойынша түрлі курстарға бағыттап, білім беруде. Цифрлы сауаттылықтарды арттыруға көмектесуде. Бұл біздің болашақта жан-жақты кәсіби маман болып шығуымызға үлкен септігін тигізеді.
РКС: Кездесу соңында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы өз Жолдауында айқындаған маңызды міндетке ерекше тоқталды. Атап айтқанда, алдағы үш жыл ішінде еліміз толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Бұл мақсатты жүзеге асыруда қазіргі жас ұрпақтың рөлі ерекше екені атап өтті.
СНХ: МӘЛІК ОТАРБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ: Президенттің биылғы Жолдауы – ең алдымен жастарға арналған. Өйткені бүгінгі жастар жасанды интеллект, цифрландыру және ақпараттық технологияның мәнін терең түсінеді. Қазіргі жастар бұл бағыттарды меңгеріп қана қоймай, оларды дамытуға және ілгерілетуге белсенді үлес қосуда. Қазір елімізде бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жасанды интеллектінің жедел дамуы адамдардың дүниетанымы мен мінез-құлқына әсер ете бастағанын аңғарып отырмыз. Цифрландыру – еліміздің жаңа ұлттық идеясына айналуда.
РКС: Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев бүгінгі жастардың білімге ұмтылысы мен еңбекқорлығын, қоғамдық өмірге белсенді араласуын айрықша атап өтті.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ