ДИКТОР: Күні кеше Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде өз өмірінің сан жылын білім мен ғылымға арнаған ұлағатты ұстаз, ғалым, абзал азамат – Нұртас Ахатұлын өмірдің жаңа белесіне, еңбек демалысына шығарып салу кеші өтті. Мерекелік шараға қатысқан тілшіміз осы тағылымды кештің әсерлі сәттерінен баяндап береді.
ИНТЕР ШУМ:
РКС: Нұртас Ахатұлы – еліміз тәуелсіздігін енді алған тұста алғашқылардың бірі болып іргетасы қаланған білім ордаларының бірі – Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжін 35 жыл бойы абыроймен басқарған. Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы. ҚР білім беру ісінің үздігі. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры. Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі.
СНХ: ӨМІРБЕК ТӨЛЕГЕН, МАТЕМАТИКА ПӘНІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Нұртас Ахатұлы осы колледжде 1990 жылдан бері еңбек етіп келе жатыр, 1993 жылы колледж басшылығына келді. Содан бері Нұртас Ахатұлының істеген еңбегі орасан зор. Коллледжді осы Республикадағы алдыңғы қатардағы оқу орындарының қатарына шығарды. Қазіргі мынау материалдық техникалық жабдықталуы Республикадағы ең үздік колледждің бірі болып есептеледі. Нұртас Ахатұлы өзіннің еңбек жолында табандылығымен, еңбекқорлығымен өзінің адалдығымен көзге түсті Соның арқасында үкімет тарапынан мемлекеттік сыйлықтарға ие болды. Ол кісінің еңбегі зор. Алдағы уақытта Нұртас Ахатұлына сәттілік, жақсылық тілеймін.
РКС: Кішігірім көрмеде колледж директорының жылдар бойы жүргізген күнделік жазбалары да бой көрсетті. Бұл дәптерлерде уақыттың ізі, ұстаздық өмірдің үні, оқу орнының өсу тарихы сайрап жатыр. Ұстаздың төсбелгілері, медальдері мен марапат куәліктері көпшілік назарына ұсынылды. Нұртас Ахатұлының «Алаштың Алмас ақыны», «Қос арна», «Сөз және сурет», «Қазақтың ары» атты кітаптары да көрме сөресінен орын алып, оқырман назарын өзіне аударды. Бұл еңбектер қазақ руханияты мен әдебиетінің айшықты айғағы ретінде ерекше бағаланды.
СНХ: ҚУАНЫШ ОСПАН, АҚЫН: Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың алты алаштың баласы бас қосса төрдегі орын мұғалімдікі деген сөзі бар. Ұстаз қандай болу керек? Мұғалім қандай болу керек деген сұрақ туындаса ұстаз деген осындай болу болу керек деп көрсететін адам ол Нұртас Ахат ұлы деп білеміз. Ал енді ұстаздығынан бөлек, осы Көкшетау өңіріне деп айтайықшы, жастарға асіресе бағыт бағдар беретін темірқазығы, рухани ағасы, ұстазы, жол көрсетуші жол бастаушысы деп айтуға болады. Қаншама жастарға осы өнер жастарына деп айтайқшы, қаншамасына жаңағы қамқорлық танытқан, қанатының астына алып қолдаған бірден бір адам болатын болса ол Нұртас Ахатұлы. Ағамыз алі қартайып тұрған жоқ, қазақтың игілігі үшін, осы қоғамның ізгіленуі үшін әлі де еңбек ете береді деген сеніміміз мол.
РКС: Колледж ұжымы мен өнерпаздар қауымы ұстаз еңбегіне арналған концерттік ән-шашу ұсынды.Бұл кеш – бір ғана тұлғаның еңбегін дәріптеу емес, жалпы ұстаздық жолдың қадірін ұғындыру, адал қызметтің абыройын таныту болды. Өмірін білім мен ұрпақ тәрбиесіне арнаған Нұртас Ахатұлының еңбегі – өскелең ұрпаққа өнеге, кейінгі буынға үлгі. Осындай тұлғалар еңбегі ұлықтала берсін!
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ