ДИКТОР: Щучинск қаласының Жоғары техникалық колледжінде мектеп оқушыларына арналған «Сладкие круги счастья: искусство приготовления пончиков» атты шеберлік сабағы өтті. Аталған шара аспаз және нан күніне орай ұйымдастырылды. Сабақтың ең дәмді де әсерлі сәттері туралы қатысып келген тілші баяндайды.

РКС: Щучинск қаласының №2, №3, №4, №5 және №7 мектептерінің оқушылары «Нан-тоқаш өнімдері дайындаудың қыр-сыры» атты ерекше әрі дәмді шеберлік сабағына қатысты. Өз ісінің нағыз шеберлері – өндірістік оқыту мамандары Надежда Хилинская мен Алена Мусина оқушыларға аспаздық өнердің нәзік қырлары мен тәтті әлемнің құпия сырларын паш етті.

СНХ: НАЗЫМ БЕКТАСОВА, ЩУЧИНСК қ. ЖОҒАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл іш шараның мақсаты – мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру және де осы мамандыққа деген қызығушылықтарын арттыру. Біздің колледжде 11 мамандық бойынша даярлық жүргізіледі, әр мамандықтың кәсіби мерекелері кең ауқымды атап өтіледі. Бұл әр мамандыққа байланысты кәсіби мереке күніне біз мектеп оқушыларын шақырамыз, әлеументтік серіктестер қатысыды.

СНХ: АЛЕНА МУСИНА, ӨНДІРІСТІК ОҚЫТУ ШЕБЕРІ: Бүгін Щучинск қаласының Жоғары техникалық колледжі базасында 16 қазан – Халықаралық Нан пісіруші күніне, сондай-ақ 20 қазан – Аспаз күніне орай шеберлік сабағы өтті. Біз өз қаламыздың оқушыларының осындай іс-шараларға қуана қатысатынына өте ризамыз. Шеберлік сабағы оларға қатты ұнады.

РКС: Қатысушылар шеберлердің жұмысына қызыға көз тастап, көп ұзамай өз қолдарымен нан өнімдерін жасауға кірісті. Ауаға жаңа піскен тәттінің жұпар иісі таралып, залдың әр бұрышын ерекше жылылық пен қуаныш сезімі кернеді. Балалардың көздерінен шынайы қызығушылық, жаңалыққа құштарлық пен шығармашылық лебіз айқын сезілді.

СНХ: ФЕДОР МАКЕЕВ, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ: Сәлеметсіздер ме! Бүгін біз, соның ішінде өзім де, пончик дайындауға арналған шеберлік сабағына қатысып отырмыз. Мен бұл жерге өз қалауыммен келдім, себебі мен өзім де нан-тоқаш өнімдеріне қызығушылық танытамын, торттар мен түрлі десерттер пісіргенді ұнатамын. Енді бүгіннен бастап пончик пісіруді де үйреніп алдым. Пончик дайындау аса қиын емес екен – тек рецепті мен қадамдарын білсең жеткілікті. Нәтижесінде өте дәмді болып шығады. Осындай күндері мен аспаз және наубайшылар күнін атап өтудің маңызын түсінемін, өйткені дәл осы адамдар бізге дәмді әрі тойымды тағам сыйлайды. Қорытындылай келе айтқым келеді: әр адам ас дайындап, нан пісіре алады – тек ынта мен тәжірибе қажет.

РКС: Мұндай шаралар жас ұрпаққа болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға жол ашып, оқу үдерісін әсерлі эмоциялармен, жағымды тәжірибемен толықтырады. Бұл күн әр қатысушының жүрегінде жаңа пісірілген дәмді тоқаштың иісіндей жылы да тәтті естелік болып сақталары анық! Айта кетейік, жуық арада колледж қабырғасында дүниежүзілік нан күніне орай «Бауырсақ фест» атты облыстық байқау өтеді.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ