ДИКТОР: Қазір елімізде 4 мыңнан астам адам ағза ауыстыруға – бауыр, жүрек, өкпе секілді өмірге қажетті мүшелерге мұқтаж. Өкінішке қарай, олардың көбі өз кезегін күтіп үлгермей өмірден өтеді. Биыл жылдың басында облыс бойынша күту парағында 137 адам тіркелсе, бүгінде олардың саны 115-ке дейін азайған. Статистикаға сүйенсек, тек әрбір 200-ші науқас қана өз донорын таба алады, – дейді трансплантолог маман.
РКС: Күту парағындағы науқастардың басым бөлігіне бүйрек трансплантациясы қажет. Ал 11 ақмолалық – бауыр, тағы алтауы жүрек ауыстыруға мәжбүр. Донорлық ағзалардың тапшылығы бұл мәселенің өзектілігін одан әрі арттырып отыр.
СНХ: ЛӘЗЗАТ ӘШІМОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТРАНСПЛАНТОЛОГИЯ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: Биыл бізде 10 әлеуетті донор тіркелді, бірақ, өкінішке .қарай, барлығында да туыстарының келісімі болмады. Ал шындығында, бір ғана өлімнен кейінгі донор бірнеше адамның өмірін сақтап қала алады. Донордан жүрек, өкпе, бауыр және екі бүйрек алынады. Көп жағдайда бір бүйрек балаға, екіншісі ересек адамға беріледі. Өткен жылы 18 жастағы бір жігіт мотоциклмен келе жатып жүк көлігіне соғылып, қаза тапты. Оның ата-анасы баласының ағзаларын мұқтаж жандарға беруге келісім берді. Сол жігіттің ағзалары бірнеше адамның өмірін жалғастыруға себеп болды. Кейін ол туралы деректі фильм түсірілді. Фильмде анасының баласының жүрегі мен өкпесі салынған адамдардың тынысын тыңдап тұрған әсерлі сәттері көрсетілген. Осы оқиға үшін марқұмның ата-анасына «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі табысталды.
РКС: Айта кетейік, 18 жастан асқан әрбір қазақстандық өлімнен кейінгі донор бола алады. Мұны екі тәсілмен рәсімдеуге мүмкіндік бар: өз емханасына барып келісім беру немесе Egov порталы арқылы онлайн түрде өтініш қалдыру. Өтініште қандай ағзаларды пайдалануға болатынын және қайсысын пайдалануға болмайтынын көрсету қажет. Бұл – өзге бір адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін игі қадам, – дейді трансплантолог.
СНХ: ЛӘЗЗАТ ӘШІМОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТРАНСПЛАНТОЛОГИЯ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: Өткен жылы да осындай оқиға болды – баласынан айырылған ана: «Баламның ағзалары шіріп кетпей, өзгеге өмір сыйласын», – деп келісімін берген еді. Айта кетерлігі, әр азамат осындай шешімді өз еркімен қабылдауы тиіс. Бүгінде елімізде мұның бәрін рәсімдеу өте оңай – үйден шықпай-ақ, тек ұялы телефон арқылы келісім немесе бас тарту жөнінде өтініш беруге болады. Бірақ, әрине, өмір сыйлайтын келісім берген дұрыс болар еді.
РКС: Қазір облыс бойынша шамамен 150 науқас тұрақты түрде диализ процедурасынан өтеді. Бұл – бүйрегі өз қызметін атқара алмайтын, сол себепті ағзасындағы қанды улы заттар мен артық сұйықтықтан арнайы аппарат арқылы тазартуға мәжбүр жандар. Олардың басым бөлігі – жастар. Барлығына дерлік өмір сүру сапасын жақсарту үшін бүйрек трансплантациясы қажет.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ