ДИКТОР: Өңірде су құбырларының тең жартысының, жылу коммуникациясының 57, ал электр қуатымен жабдықтау желілерінің 66 процентінің тозығы жеткен. Елдегі жағдай да мәз емес. Осыған байланысты бүгінде «тарифті инвестицияға айырбастау» саясатына көшу мәселесі өзекті. Мұндағы мақсат-желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 процентке азайту.

РКС: Тариф бағасы бірден емес, кезең-кезеңмен өспек. Ал одан түскен қаржы монополист компаниялардың құзырындағы желілердің тозу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Яғни, осының арқасында су, газ және жылу жүйелеріне жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.

СНХ: ДУМАН ҚАЛИБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:  Мұндай өзгерістің арқасында осы салада жұмыс істейтін мамандардың жалақысы артпақ. Бұл көрсетілетін қызметтің сапасын арттыратыны рас. Сондай-ақ, заңда айтылғандай инвестициялық бағдарламалардың ішіне су, газ және жылу желілерін жөндеу үшін қажет қаражат та кіреді.

РКС: Қазіргі уақытта тарифтың бағасы тым шарықтап кетпеуі үшін жанар-жағар майды сатып алуға субсидия беріледі. Жыл сайын облыстағы 3 кәсіпорынға арзандатылған бағада мазут сатып алу үшін бюджеттен ақша бөлінеді. Оған қоса жылу беру маусымына дайындық кезінде жөндеу жұмыстарына да қаржы қарастырылады.

СНХ:СВЕТЛАНА БЕЙСЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН-ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ал тарифтің бағасы желілердің тозу деңгейіне байланысты белгіленеді. Оның құны бір мезетте шарықтап кетпейді. Сондай-ақ, қосымша қаржыландыру көздерін іздеу, бюджеттік несиелер тарату сынды жұмыстар да жүргізіледі.

РКС: Айта кетейік, бүгінде елде электр қуаты саласына құйылған инвестицияларды қайтаруға жұмсалатын қаражат көлеміне лимит белгіленді. Қазіргі уақытта ол 32 миллиард теңге. Алдағы уақытта оны 100 миллиард теңгейге дейін ұлғайту міндеті тұр.

ҰМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, «КӨКШЕ АҚПАРАТ»