«Қуыршақтар әлеміне саяхат» атты көрме өңірдің үздік қуыршақ шеберлерін жинады. Олардың арасында қуыршақ жасау өнерін енді қолға алған үйренушілер де, кәнігі шеберлер де болды. Суретші әрі қуыршақ шебері Анастасия Елисеева өз шәкіртерімен бірге үздік қуыршақтарын көрмеге қойды. Шеберлер қойған жұмыстардың барлығы қолдан жасалған және әрқайсысы бір данадан ғана.

Көрмеге қойылған туындылардың авторлары түрлі салада қызмет атқаратын нәзік жандылар. Тіпті, олардың арасында мұғалім де, суретші де бар,- дейді қуыршақтың кәнігі шебері Анастасия Елисеева.  Мәселен, қуыршақ жасау өнерін енді қолға алған жас шебер Елена Омельченко бұған дейін тек сурет салумен айналысқан. Енді будуарлық қуыршақтарды жасаумен шұғылданған ол, бұл өнерді игеру өте қиын екенін, қуыршақты жасаудың өзі зор еңбекті қажет ететіндігін алға тартуда.

Көрме соңында кеш қонақтары кітапхана оқырмандарымен ұйымдастырылған «Қыз сыны» байқауын тамашалай алды. Кішкентай арулар көпшілікке өз өнерлерін ұсынып, ыстық ықыласқа бөленді. Айта кетейік, нәзік жандылар мерекесіне орайластырылған қуыршақтар көрмесі 10 күнге дейін созылмақ. 

Айгүл Бекетқызы