Облыс орталығында орналасқан тарихи-өлкетану мұражайында Отырар тарихынан сыр шертетін көрме орналасқан. Қазақ өркениетінің алтын діңгегі болып саналатын көне қаланың тарихымен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық мұражайының өкілдері таныстыруда. Бұл оңтүстік өлкенің мұражайы ұйымдастырып отырған екінші көрме.  

Көрме  «EXPO – 2017» халықаралық шарасының және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткізіліп отыр. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық мұражайы барлығы 135 жәдігер әкелген. Соның ішінде, ортағасырлық және 19-20 ғғ. қару-жарақ түрлері, тұрмыстық заттар, т.б. тарихи жәдігерлер экспозицияланып, Отырар қорғанысы тарихынан мәлімет беретін деректер қамтылды.

Отырардағы қазба жұмыстары нәтижесінде, Тұйық төбе мен Күйік Мардан қалаларында шыны өндіретін өндірістердің орны табылған. Өздеріңіз көріп отырған, мына шыныдан жасалған бұйымдар 11-12 ғасырларда Отырар жерінен табылған. Оның ішінде, балаға арналған түбек пен шүмектер, сонымен бірге ғылыми мақсатта химиялық лабораторияларда пайдаланылған шыны ыдыстар бар.

Тағы бір атап өтерлігі, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық мұражайының бұл көремсі 18 мамыр халықаралық мұражайлар күні қарсаңында ашылып отыр. Сондықтан, көне Отырардың әр ғасырлық тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлерді көрем деушілер облыс орталығында орналасқан тарихи-өлкетану мұражайынан 1 ай бойы тамашалай алады.

Айгүл Мырзағұл, Марат Құмарұлы