Елбасы 2020 жылға дейін қазақ тілін меңгерген қазақстандықтар санының 95 пайыздан кем емес межеге жету керектігін айтты. Бұл мәселе өңірде де басты назарға алынып отыр. Осыған орай Ақмола облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілді үйреніп жатқан өзге ұлт өкілдері арасында шығармашылық байқау өтті. Шараға 174 мектепке дейінгі, мектеп алды жасындағы және 1-11 сынып оқушылары қатысты. Мұндай байқау облыс орталығында алғаш рет өткізіліп отыр.
Облыс деңгейінде өткен байқауға аудандық және қалалық кезеңнен алға озып шыққан өрендер қатысты. Оқушылар «Музыкалық қонақжай», «Мәнерлеп оқу», «Театрландырылған көркем қойылым» және «ұлттық қолданбалы өнер» номинациялары бойынша бақ сынады.
Ұлттық үлгідегі киіммен қатысқан әр оқушы мемлекеттік тілді жетік меңгергендерін танытты. Олардың көбісі мемлекеттік тілді бала күнінен бастап игерген. Шараның жабылу салтанатында конкурс барысында үздік деп танылғандар сахнада көпшілік алдында тағы бір мәрте өнерін көрсетті.
150-ден артық бала қатысқан байқау қорытындысы бойынша барлығы 90 бала жүлделі орынға ие болды. Олардың әрқайсысына диплом табысталып, қалған қатысушыларға сертификаттар берілді.
Байқау жеңімпаздары енді мамыр айының соңында облыс әкімімен кездеседі. Сол тұста оларға арнайы марапаттар мен ақшалай сертификаттар табысталатын болады.
Айгүл Мырзағалиқызы, Павел Соловьев, Бауыржан Смағұлов