Қазақ Елінің жастары білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылулары керек. Себебі, жаңа дәуірде тек бәсекеге қабілетті, аса білімді, сауатты адамдар ғана табысқа жетеді. Ел жастарында осындай қасиеттер болса, кез-келген мемлекеттің болашағы жарқын болары анық. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осылайша Қазақ Елінің болашағын білікті жастармен байланыстарынын ерекше атап өтті. Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ұстаздары мен студенттері Ұлт Көшбасшысының бұл пікірін толықтай қолдап отыр.

Кез-келген елдің болашағы қашан да – өсіп келе жатқан ұрпағына байланысты Сол себепті де, Қазақстан бәсекеге лайықты, білікті жастарды дайындауға баса назар аударып келеді. Мәселен, тоқсаныншы жылдардың басында «Болашақ» бағдарламасы қолға алынып, бүгінге дейін оң мыңдаған ел жастары әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім алды, тәжірибе жинақтады. Ел аумағында жоғары деңгейдегі университтер ашылып, зияткерлік мектептер қалыптасты. Десе де, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Заман жаңарған сайын, білім беру саласын да жетілдіріп отыру қажет.

Білім – табысты болудың басты факторы. Ол ел жастарына болашағына ғана емес, бүтіндей мемлекеттің дамуына әсер етеді. Сондықтан, оған әрдайым ерекше басымдық берілетіні – түсінікті де. Қазір экономика, өнеркәсіп, өндіріс салалары көз ілеспес жылдамдықпен алға жылжуда. Яғни, технологиялық революция. Енді бір он жылдан кейін қазіргі кәсіптердің кейбірі жойылып, жаңа түрлері пайда болуы мүмкін. Ал, оларды игеріп кете алатын жастар Қазақ Елінде де болуы керек. Бәсекеге қабілеттілік дегеніміздің бір парасы – осыда.  

Білім беру сапасын арттырып, жастардың бәсекеге қабілетті болуына Ақмола облысындағы жоғары оқу орындары айтарлықтай үлестерін қосып келеді. Мәселен, бір ғана Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде жыл сайын 30-ға жуық студент Парламент Сенатында, Сыртқы Істер, Мәдениет және спорт Министрлігінде, республикалық ғарыштық байланыс орталығында тәжірибеден өтеді. Мұның өзі халық игілігі үшін қызмет ететін білікті мамандарды дайындаудың баспалдағы іспетті.

Нұргүл Нұрбайқызы, Бауыржан Смағұлов