Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне Астанадан келген бір топ ғалымдардың қатысуымен өткен конференция Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Кенжеғали Мыржықбаевтың «Әннің елі – Көкшетау» атты концерттік бағдарламасымен жалғасты. Танымал опера әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбаев Көкше жұртшылығы мен конференция қонақтарына өзінің репертуарындағы қазақ, орыс, батыс  классикасының ең үздік туындыларын ұсынды. Концерттің шымылдығы қазақ ән өнеріндегі классикалық шығармаға айналған Үлебайдың әні «Дудараймен» ашылды. Көпшілік қауым Кенжеғали Мыржықбаевтың орындауындағы Ғафу Қайырбековтің сөзіне жазылған Сыдық Мұхамеджановтың әні «Әйтеуір сол қыз бір сұлу» атты шығармасын ерекше ықыласпен қабылдады. Қазақ опера өнерінің майталманы шетел композиторларының танымал шығармалары «Серенада Смитта» мен «О соле мио», «Маритананы» үлкен шеберлікпен орындап, көрерменнің көңілінен шықты. Ән өнерінің құдыретін түсінетін көкшелік талғампаз көрермен үлкен әсермен аттанды.    

Әйгерім Бекмағамбетова, Данияр Жұмағұлов