Сүйінші хабар! Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің «Жарқын» би ансамблі Дағыстанда өткен 4-ші «Каспий – достық жағалауы» фестиваліне қатысып, үздіктердің қатарынан көрінді. Айта кету керек, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан шарада биыл Иран, Әзербайжан және Ресей Федерациясының би ұжымдары өнер көрсеткен. «Жарқын» би ансамблі 2009-шы жылдан бері облыс орталығындағы түрлі шараларға белсене қатысып келеді. Негізі бағыты – қазақтың ұлттық билері. Жетіктістері де жаман емес. Мәселен, 2015-ші жылы би ансамблі XI Ұлттық Дельфий ойындарының жеңімпазы атанған. Сондай-ақ, көптеген халықаралық сайыстарда Ресей, Иран, Түркия елдерінің шығармашылық ұжымдарымен тең түсіп, жоғары дәрежеде өнер көрсетіп жүр. Дағыстанда өткен халықаралық фестивальде шығармашылық ұжым «Сезім сыры», «Шабыт берген жетіген», «Жарқын» қазақтың ұлттық билерін көпшілік назарына ұсынды. Ансамбль мүшелерінің айтуынша, мұндай шара өзге елдердің өнерпаздарымен қарым-қатынас орнатуға, тәжірибе алмасуға үлкен септігін тигізеді. Қазіргі күні шығармашылық ұжым өздерінің кәсіби шеберліктерін шыңдау жолында еңбектенуде. 11 талантты өнерпаздан құралған би ансамблі алдағы уақытта да республикалық және халықаралық сайыстарда үздіктердің қатарынан табылуға тырысамыз, - дейді.

Нұргүл Нұрбайқызы, Дархан Сағын.