«Ана» - қазақ халқы үшін  қадірлі де қастерлі ұғым. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген аналар қоғам ішінде әрдайым ерекше құрметке бөленіп келді. Жүріп өткен өмір жолы жас ұрпаққа үлгі-өнеге болар сондай аяулы жандардың бірі – Көкшетау қаласының тұрғыны Тілеулес Өтеулина. Өкінішке орай, аяулы ана ауыр дерттің салдарынан 2 жыл бұрын, 76 жасына қараған шағында дүниеден өтті... Бүгінде ардақты жанды еске алуға арналған «Анағы тағзым» облыстық көркемөнерпаздар байқауы ұйымдастырылуда.  Тілеулес Өтеулина Зеренді ауданы, Өндіріс ауылында 1939-шы жылы 26-шы ақпанда дүниеге келген. Орта мектепті аяқтағаннан кейін Көкшетау облыстық медициналық училещесіне оқуға түсіп, оны 1961-ші жылы үздік бағамен тәмамдайды. Сол жылы өмірлік жары Болат Көшімбаевқа тұрмысқа шығады. Екеуі 3 ұлы тәрбиелеп өсіріп, ел қатарына қосты. Қазір балалары түрлі салада еңбек етуде. Немере-шөбелері де бар. Аяулы ана өзінің отбасына ғана емес, кәсіби мамандығына да адал болды. 40 жылға жуық медицина саласында қызмет атқарып, құрмет демалысына шықты. Осындай еңбекқор, адал, кеңпейіл ананың өмірі жас ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен байқау өткізу қолға алынуда.

Айта кетейік, 17-ші мамырда байқаудың алғашқы кезеңі өтеді. Бүгінге дейін 100-ге жуық өнерпаз сайысқа қатысуға өтініш білдірген. Қорытынды кезең тамыз айына жоспарлануда.

Нұргүл Нұрбайқызы, Дархан Сағын.