Ақмола облысында «Көкшетау – тал бесігім» музыкалық фестивалі жалғасып жатыр. Осымен 4-ші рет өткізілгелі отырған шараның алғашқы күнінде жас дирижер Руслан Баймурзиннің шығармашылық кеші өтсе, келесі кезеңінде «Оперетта» атты классикалық музыка концертті өтті. Оған Ақмола облысындағы белгілі опера әншілері, өнер майталмандары мен симфониялық оркестр ұжымдары қатысты.

Классикалық музыка концерті алдымен осындай театрландырылған сахналық көріністен бастау алды. Оған облыстық филармония әншілері мен мәдениет саласында жүрген белгілі әртістер қатысты. Оперетта негізінен музыкалық театр жанры болғандықтан, қойылымдарда вокалдық, аспаптық музыка, би, балет пен эстрадалық бағыттар көрініс тапты.

Кеш барысында күміс көмей әншілер опералық туындыларды орындап, жиналған қауымға өз өнерлерін ұсынды. Халық арасында кеңінен танымал әндерді әсем үнімен жүрекке жеткізе шырқаған өнер майталмандарының шеберлігін көрермендер мен кеш қонақтары жоғары бағалап, оларға сәттілік тіледі.

Атап өткен жөн, классикалық музыка концерті облыстық фестивальдің екінші кезеңі. Қорытынды кеш 30-шы сәуірде өтеді. Өнерпаздар ол күні де көрермен қауымға ерекше сый, тамаша тарту дайындауда.

Нұргүл Нұрбайқызы, Арман Балбергенов.