Президент кезекті мақаласында "Жаһандағы замануи қазақстандық мәдениет" жобасын жүзеге асыру қажеттігін міндеттеді. Әлем Қазақстанды тек қара алтын немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамалармен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен тану керектігін алға тартты. Осы орайда Ақмоланың намысын қорғап, талай ән додаларында биіктен көрініп жүрген өрендер жайлы айтпай кету болмас. Мәселен, Щучинск қаласындағы №7 мектеп-лицейінің оқушысы Әділхан Махамбетов "Бала дауысы", "Балдәурен дауысы", "Аялаған Астана" тіпті Мәскеу қаласында өткен "Зажги свою звезду" байқауларының жеңімпазы. Дарынды бала жайлы толығырақ келесі сюжетте.
Әділханның бойына бұл өнер нағашысынан дарыса керек. 7 жасынан бастап сахнадан түскен емес. Ән салады. Домбырада ойнайды. Эстрада жанрын жақсы көреді. Жеткен жетістіктері өте көп. Мәскеуге барып, қазақ әуенін шырқады. Бас жүлдені қанжығасына байлады. Сол еңбектері еленсе керек. Өткен жылы үздік "Қазақстанның үміт артарлары" деген кітапқа есімі де енген екен. Бүгінде Щучинск қаласындағы балалар өнер мектебінде дарынын дамытып, өнерін жетілдіріп жүр талант иесінің алдағы арманы асқақ.
Тек ән өнері ғана емес, дарынды балғын мектептегі оқу үздігі. Бүгінде 6 сыныпта оқитын талантты жан әсіресе, математика ағылшын, тарих пәндерін ерекше жақсы көретінін айтады. Қоғамдық жұмысқа белсене ат салысады. Ұстаздарының мақтанышы.
Қазақ елі өнерден кенде емес. Кешегі Әміреден бастап, бүгінде күллі әлемді мойындатқан Димаш Құдайбергеннің өзін ешкіммен салыстыруға келмес. Сондықтан да дарынды ағаларының ізін қуып келе жатқан Әділхандай балғынның өнеріне қолдау танытсақ, әлі талай шыңдарды бағындырары сөзсіз.
Раушан Сайлауқызы, Дархан Сағын