Облыс орталығында соңғы екі жылдың қорытындысы бойынша балалар арасындағы қылмыс біршама азайған, бірақ, ағымдағы жылдың екі айында кәмелеттік жасқа толмаған бір ғана баланың 8 бірдей қылмысқа баруы биылғы көрсеткішті біршама арттырып отырған көрінеді. Оның үстіне соңғы жылдары жасөспірім балалардың туысқандарына айтпай, үйден жыраққа кету, сонымен қатар әлеуметтік желі арқылы өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін ойынға елту деректері жиілеп кеткен. Бұл туралы жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу мәселесіне арналған құқық қорғау саласының өкілдері мен білім беру басқармасы, мектеп пен колледж басшыларының қатысуымен өткен кеңейтілген жиында айтылды.
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі - балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Алдын-алу шараларының тиісті деңгейде жүргізілуіне қарамастан жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс азаяр емес. Мәселен, бүгінде ювеналды полицияның есебінде 155 жасөспірім есепте тұр.
Жасөспірімдердің қылмысқа баруының негізгі себебі – олардың нақты бір мақсат-мүддесінің жоқтығы. Бұл тұрғыда ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына жеткілікті көңіл бөлмейтіндігін де айта кету керек. Сонымен қатар білім мен тәрбиені қатар ұстауға тиіс ұстаздар да негізгі басымдықты білімге беріп, тәрбие жағы ақсап жатады,-дейді ювеналды полиция өкілдері. Соңғы кезде әлеуметтік желі арқылы балаларды суицидке итермелейтін түрлі ойындардың көбеюі де сақтықтықты талап етеді. Мәселен, облысымыз бойынша ондай 9 дерек тіркелген.
Бүгінде облыстың пробация қызметінің есебінде бір жарым мың сотталған бар. Оның 45 пайызға жуығыН 29 жасқа дейінгі жастар құрайды. Олардың қатарында арнайы орта білімдері жоқтар да бар көрінеді.
Бибінұр Әмірханқызы, Арман Балбергенов