Өңірдегі күміс көмей, жез таңдай балғын өнерпаздар өнерімен өрге жүзіп келді. Олар Алматыда өткен республикалық «Балдәурен» ән-би байқауына бірінші рет қатысып, жүлдемен оралды. Бұл өнерлі балалардың алғашқы жеңісі емес. Талай белестерді бағындырып, көрерменін талантымен тамсандырып жүрген көкшетаулық балғындар жайында Айгүл Мырзағалиқызының бейнематериалында толығырақ.

13 жасар  Мәдина Шорина ән үйірмесіне 5 жасынан бері қатысып келеді. Облыстық, республикалық байқауларда бағын сынап, жүлделі орындар иеленіп жүрген өнерпаз балғын. Күні  кеше ғана Алматыда өткен «Балдәурен» байқауынан бас жүлде алып, өңірдің мәртебесін көтерді.

Мәдинамен бірге байқауға барған 7 өнерпаздың ешқайсысы да құр қол келмеді. Зәуреш Мергенбай бас жүлде, Әмина Айтмағанбетова, Адель Сәдуақасова 1-ші, Тимур Аяпбергенов 3-ші орынды еншілесе, Мерей Гайсина, Айару мен Адина Еркіндер 1 дәрежелі дипломмен марапатталды.

Жасөспірім әншілердің талабы таудай. Жүлдемен оралған ең кішкентай Айару мен Адина тек ән салып қана қоймай, сондай-ақ пианинода ойнайды, би де билейді. 8 жасар  егіз бүлдіршіндердің армандары да асқақ.

Көкшетаулық балғындардың алға қойған жоспарлары көп. Олар енді келесі белестерді бағындыруға бар күш-жігерлерін салып дайындыққа кірісіп те кетті.

Айгүл Мырзағалиқызы, Арман Балбергенов